2026 жылдың 21 қыркүйегінде Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті А.К. Ахметбекова Шығыстану факультетінің «Аударма ісі» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттеріне «Абайдың кемел адам концепциясы» тақырыбында көшбасылық дәріс оқыды.
Бұл шараның негізгі мақсаты — студенттердің рухани-адамгершілік әлеуетін көтеру, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының мұрасын тереңірек таныстыру және жастардың санасына кемел адам концепциясының негізгі қағидаттарын сіңіру. Сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен болашақ маман бейнесін өзара ұштастыра отырып, жастардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеті мен көшбасылық қасиеттерін дамыту көзделді.
Дәріс барысында Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі гуманистік идеялар жан-жақты талқыланды. Студенттер ақын ұсынған кемел адамның басты сипаттары — ақылдылық, білімділік, еңбекқорлық, мейірімділік пен адалдық қасиеттерін заманауи жастардың бейнесімен сабақтастырып, үлкен қызығушылық танытты. Дәріскер ұсынған дискуссиялық әдіс студенттердің белсенділігін арттырып, олардың ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген саналы, озық ойлы болашақ маманның портретін жасауда өз ой-пайымдарын ортаға салып, пікір алмасуына жол ашты.
Мұндай танымдық дәрістер студенттердің кемелденіп, кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамуына және өз елінің мәдени мұрасын мақтан тұтатын тұлға ретінде қалыптасуына айтарлықтай үлес қосады.
А.К.Ахметбекова
Басқа жаңалықтар