География және табиғатты пайдалану факультетінде «Көкжайлау» және «Алматы тау кластері» жобалары талқыланды — ҚазҰУ

География және табиғатты пайдалану факультетінде «Көкжайлау» және «Алматы тау кластері» жобалары талқыланды

30 қыркүйек 2026
География және табиғатты пайдалану факультетінде «Көкжайлау» және «Алматы тау кластері» жобалары талқыланды

2026 жылғы 25 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде «Көкжайлау» және «Алматы тау кластері» жобаларын таныстыру және түсіндіру мақсатында жастармен кездесу өтті.

Кездесу барысында жобаларды іске асырудың негізгі бағыттары мен перспективалары таныстырылып, Алматы қаласындағы тау туризмі мен туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері, сондай-ақ аталған бастамалардың туризм саласының одан әрі дамуына ықпалы талқыланды.

Іс-шарада Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Е.М. Еркінбаев сөз сөйлеп, Almaty SuperSki тау курортының тұжырымдамасын таныстырды. Ұсынылған презентацияға сәйкес, жоба шамамен 60 км тау шаңғысы трассасын, 17 көтергішті және тәулігіне 10 000 шаңғышыны қабылдауға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды қарастырады. Курорттың келушілердің әртүрлі санаттарына, соның ішінде қозғалысы шектеулі азаматтарға, қарт адамдарға және балалы отбасыларға қолжетімді болуына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар тұжырымдама аясында курорт аумағында ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, атап айтқанда метеостанция, биоалуантүрлілік музейі және зертхана құру көзделген.

Іс-шара бағдарламасында сондай-ақ Satbayev University Электроника, телекоммуникациялар және ғарыштық технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD М.М. Мамадияровтың, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Н.Б. Жақыповтың және Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ш.М. Мамановтың сөз сөйлеуі қарастырылды.

Кездесу барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ботаника және агроэкология кафедрасының меңгерушісі Нұрсұлу Зияханқызы Ахтаева да сөз сөйледі. Ол Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары аталған жобаны әзірлеуге қатысып отырғанын, оның ішінде жобаның табиғи ортаға ықпалын бағалау мәселелеріне ғылыми тұрғыдан атсалысатынын атап өтті. Оның айтуынша, жобаны дайындау кезінде табиғи экожүйелерді сақтау және қоршаған ортаға ықтимал теріс әсерді барынша азайтуға ерекше көңіл бөлінеді.

Іс-шара тақырыбы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен тікелей байланысты. Туристік инфрақұрылымды дамыту және туризм саласында жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру ТДМ 8 «Лайықты еңбек және экономикалық өсу» мақсатына сәйкес келеді. Қалалық және қала маңындағы туристік кеңістікті тұрақты дамыту мәселелері ТДМ 11 «Тұрақты қалалар мен елді мекендермен», ал табиғи аумақтарды, биоалуантүрлілік пен тау экожүйелерін сақтау ТДМ 15 «Құрлық экожүйелерін сақтау» мақсатымен сабақтас. Университет, ғылыми қауымдастық, бизнес, салалық ұйымдар және жастар арасындағы өзара іс-қимыл ТДМ 17 «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік» қағидаттарына сәйкес келеді.

Кездесудің пікірталас бөлімі ерекше қызығушылық тудырды. Студенттер спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасуға және Алматыдағы туристік жобаларды іске асыру перспективаларын талқылауға мүмкіндік алды. Іс-шара бағдарламасында арнайы сұрақ-жауап сессиясы да ұйымдастырылды.

Іс-шараға университет пен факультет әкімшілігінің өкілдері, «Туризм» білім беру бағдарламасының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ Жастар ісі жөніндегі комитет пен студенттік ұйымдардың өкілдері қатысты. Жалпы кездесуге 200 адам, оның ішінде «Туризм» білім беру бағдарламасының 160 студенті қатысты.

Кездесу студенттер, туризм саласының өкілдері, ғылыми қауымдастық және бизнес арасында кәсіби пікір алмасуға арналған маңызды алаңға айналды. Мұндай іс-шаралар болашақ мамандардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, тұрақты туризм қағидаттарын түсінуіне және ірі туристік жобаларды іске асырудағы ғылыми сүйемелдеудің маңызын ұғынуына ықпал етеді.