ҚазҰУ-да ЭЫДҰ өкілдерімен іскерлік адалдық пен ашықтық мәселелері бойынша кездесу өтті — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да ЭЫДҰ өкілдерімен іскерлік адалдық пен ашықтық мәселелері бойынша кездесу өтті

1 қазан 2026
ҚазҰУ-да ЭЫДҰ өкілдерімен іскерлік адалдық пен ашықтық мәселелері бойынша кездесу өтті

2026 жылғы 30 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және бизнес жоғары мектебінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өкілдерімен іскерлік адалдық, ашықтық және жеке сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған кездесу өтті.

Кездесуге экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Ермекова Жанна Жандарбекқызы, деканның ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Нұрғазы Шыңғыс Әскербекұлы, сондай-ақ мектептің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

ЭЫДҰ тарапынан кездесуге Уильям Томпсон (William Tompson) – ЭЫДҰ Еуразия бөлімінің басшысы, Селест Лапорт-Таламон (Céleste Laporte-Talamon) – Орталық Азия бойынша саясат жөніндегі талдаушы және Егор Полищук (Egor Polishchuk) – Орталық Азия бойынша саясат жөніндегі кіші талдаушы қатысты. 

Кездесудің негізгі тақырыбы ЭЫДҰ-ның Қазақстандағы адалдық қағидаттарын нығайтуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған «Fair Market Conditions for Competitiveness in Kazakhstan» жобасы болды. Жобаның негізгі бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және адалдық мәселелерін университеттердің білім беру бағдарламаларына енгізу, сондай-ақ этикалық көшбасшылық пен жауапты іскерлік тәжірибені қалыптастыру мақсатында оқытушылар мен студенттерді оқыту. 

ЭЫДҰ сарапшылары бұл бағыттағы университеттердің ерекше рөлін атап өтті. Жоғары оқу орындарында болашақ мемлекеттік қызметшілер, бизнес көшбасшылары мен түрлі салалардың мамандары даярланады. Сондықтан білім беру үдерісінде адалдық қағидаттарын қалыптастыру студенттерге сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, оларға қарсы тұру және болашақ кәсіби қызметінде жауапты шешімдер қабылдау үшін қажетті білім мен дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. 

Кездесу барысында сарапшылар integrity – адалдық және парасаттылық ұғымының мазмұнына тоқталып, оны ашықтыққа, есептілікке және адал қызмет жүргізуге деген тұрақты ұстаным ретінде қарастырды. Сонымен қатар парақорлық, мүдделер қақтығысы, мемлекеттік сатып алулар мен тендерлердегі сөз байласу және заңсыз төлемдер сияқты тәуекелдер талқыланды. Сыбайлас жемқорлықтың бәсекелестікке, инвестициялық тартымдылыққа, халықаралық саудаға және ұзақ мерзімді экономикалық өсуге ықпалына ерекше назар аударылды.   

Кездесуде Қазақстанның іскерлік ортасының ерекшеліктері, мемлекеттік және жеке секторлардың өзара іс-қимылы, мемлекеттік сатып алулар және нарықтағы тең бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылды. ЭЫДҰ өкілдері ақпарат берушілерді қорғау, бенефициарлық меншік иелерінің ашықтығын қамтамасыз ету, бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылы және сатып алу саласындағы адалдықты арттыру жөніндегі негізгі ұсынымдарды таныстырды. 

Профессор-оқытушылар құрамы үшін болашақ экономистер мен басқарушыларды даярлау барысында қолдануға болатын ЭЫДҰ-ның практикалық құралдары ерекше қызығушылық тудырды. Олардың қатарында көпұлтты кәсіпорындардың жауапты бизнес жүргізуіне арналған ЭЫДҰ нұсқаулықтары, парақорлыққа қарсы конвенция, жауапты бизнес жүргізудегі тиісті тексеру жөніндегі нұсқаулық, қоғамдық адалдық жөніндегі ұсынымдар және мемлекеттік кәсіпорындарды корпоративтік басқару қағидаттары таныстырылды. 

Пікірталас барысында тараптар іскерлік этика, ашықтық және адалдық мәселелерін білім беру үдерісіне енгізу, ЭЫДҰ-ның халықаралық тәжірибесі мен практикалық кейстерін оқу барысында пайдалану, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ЭЫДҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

Кездесу халықаралық сарапшылар мен ҚазҰУ академиялық қауымдастығы арасындағы кәсіби диалог алаңына айналып, білім беру, ғылыми зерттеулер және жауапты бизнес жүргізудің халықаралық стандарттарын ілгерілету бағыттарындағы алдағы ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашты.