Фактчекинг және жалған ақпаратпен күрес
17 қыркүйек 2026 жылы «Журналистика» білім беру бағдарламасының студенттері арасында «Фактчекинг және жалған ақпаратпен күрес» тақырыбында пікірталас ұйымдастырылды.
Пікірталас барысында студенттер әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде таралатын ақпараттың шынайылығын анықтау, жалған ақпараттың қоғамға әсері және журналистің ақпаратты тексерудегі жауапкершілігі туралы өз ойларын ортаға салды.
Студенттер фактчекингтің журналистикадағы маңызын талқылап, ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеру, ресми мәліметтерге жүгіну, фото және бейнематериалдардың түпнұсқалығын анықтау сияқты тәсілдерге тоқталды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде ақпараттың өте жылдам таралуы жалған мәліметтердің де кең аудиторияға тез жетуіне себеп болатыны айтылды.
Пікірталас барысында студенттер нақты мысалдар келтіріп, жалған ақпараттың адамдардың пікіріне, қоғамдық көзқарасқа және ақпараттық ортаға ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті. Әр қатысушы өз көзқарасын білдіріп, ақпаратты қабылдау кезінде сыни ойлау мен жауапкершіліктің маңыздылығына назар аударды.
Іс-шара студенттердің пікір алмасуына, медиасауаттылық деңгейін арттыруға және кәсіби журналистикадағы фактчекингтің рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Басқа жаңалықтар