Ұлттық сөз өнерін ұлықтаған ғалым ұстаз — ҚазҰУ

Ұлттық сөз өнерін ұлықтаған ғалым ұстаз

1 қазан 2026
Ұлттық сөз өнерін ұлықтаған ғалым ұстаз

2026 жылғы 1 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тұрақты даму мақсаттары №4 – «Сапалы білім» аясында көрнекті әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дандай Ысқақұлының 80 жылдығына арналған «Ұлттық сөз өнерін ұлықтаған ғалым ұстаз» атты тағылымды кездесу өтті. Филология факультеті Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының «Тағылым мектебі» кездесулер сериясы аясында ұйымдастырылған алғашқы шара көрнекті ғалымдар мен ұстаздардың ғылыми-педагогикалық мұрасын кейінгі буынға танытуға, ұстаз бен шәкірт сабақтастығын нығайтуға және білім алушылардың ғылыми-зерттеушілік қызығушылығын арттыруға бағытталды. Кездесуді кафедра меңгерушісінің м.а. Самал Дәрібайұлы ашып, «Тағылым мектебінің» мақсаты мен маңызына тоқталды. Шараға кафедра оқытушысы, ассистент профессор, филология ғылымдарының кандидаты Советхан Тлеубаев модераторлық жасады. Шара Әдебиеттану білім беру бағдарламасының 1-курс және «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранттарының бастамасымен ұйымдастырылды. 

Кездесуді ұйымдастыруға кафедра оқытушылары Тойбазар Аяжан, Тұрдәлі Талғат, Ешімов Тұрсынбай және Асқар Алуа атсалысты. Кездесу барысында Дандай Ысқақұлының қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі, ғылыми еңбектері, әдеби сын мен әдебиет теориясын зерттеудегі ұстанымдары кеңінен сөз болды. Ғалымның ұлттық әдебиеттің табиғатын, көркемдік заңдылықтарын және әдеби үдерістің даму ерекшеліктерін зерделеудегі еңбектерінің қазіргі әдебиеттану үшін маңызы атап өтілді. «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Аида Адаева ғалымның шығармашылығы мен ғылыми мұрасы туралы баяндама жасап, оның әдебиеттану саласындағы зерттеушілік ізденістері мен ұлттық әдеби үдерісті зерделеудегі ғылыми ұстанымдарын таныстырды. Тағылымды басқосуда Дандай Ысқақұлының ұстаздық жолына да ерекше мән берілді. Ғалымның ұзақ жылғы педагогикалық қызметі, шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымы және жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беруі туралы ойлар ортаға салынды. Студенттер мен магистранттар белсенді қатысып, ғалымның шығармашылығы, ғылыми қызметі мен ұстаздық жолына қатысты сұрақтар қойды. Кездесу білім алушыларға Дандай Ысқақұлының ғылыми мұрасын танып қана қоймай, ғылым мен ұстаздықты қатар алып жүрген кәсіби жолының мәнін түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар жас зерттеушілердің ғылыми ізденіске қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиеттанудағы сабақтастықтың маңызын тереңірек ұғынуға ықпал етті. «Тағылым мектебінің» алғашқы кездесуі Дандай Ысқақұлының ғылыми және ұстаздық мұрасын дәріптеп, кейінгі буынға ғалымның тағылымды жолын танытқан мәнді шара болды. Кафедраның бұл бастамасы алдағы уақытта да көрнекті ғалымдар мен ұстаздардың ғылыми-педагогикалық мұрасын насихаттауға бағытталмақ. Іс-шараға Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер қатысты.

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы Филология факультеті