Жамбыл және қазіргі дәуірдің өзекті мәселелері
2 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына арналған «Жамбыл және қазіргі дәуірдің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Халықаралық ғылыми жиынға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев, университет ғалымдары, отандық және шетелдік әдебиеттанушылар, фольклортанушылар, түркітанушылар, мәдениет зерттеушілері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференцияны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінің Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы жанындағы Жамбыл атындағы филологиялық зерттеулер ғылыми орталығы ұйымдастырды. Ғылыми басқосуда Жамбыл Жабаевтың шығармашылық мұрасы мен жамбылтанудың қазіргі мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар ақын поэзиясын жаңа ғылыми ұстанымдар тұрғысынан зерделеу, оның шығармашылығының тарихи-мәдени және әдеби-эстетикалық мәнін айқындау, сондай-ақ Жамбыл мұрасын қазіргі ғылыми-білім беру үдерісінде зерттеудің жаңа бағыттары жөнінде пікір алмасты. Конференцияның маңызды бөлігінің бірі – Тәуелсіздік жылдарында отандық ғалымдар дайындаған 5 томдық «Жамбылтану» ғылыми басылымының тұсаукесері болды. Көптомдық еңбек ақынның шығармашылық мұрасын жүйелі түрде зерделеп, жамбылтану ғылымының қалыптасуы мен дамуындағы маңызды ғылыми ізденістерді жинақтайды. Аталған басылымның 2 және 3-томдарына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультеті Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының оқытушыларының Жамбыл шығармашылығына арналған ғылыми мақалалары енгізілді. Бұл – кафедра ғалымдарының Жамбыл мұрасын зерттеуге және жамбылтану ғылымының дамуына қосып келе жатқан ғылыми үлесінің айқын көрінісі. Конференция жұмысы пленарлық мәжіліспен қатар ғылыми секциялар форматында жалғасып, Жамбыл мұрасын тарихи-мәдени, әдеби-теориялық және заманауи ғылыми бағыттар тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік берді. Секцияларда ақын шығармашылығының көркемдік ерекшеліктері, фольклорлық негіздері, ұлттық дүниетаныммен сабақтастығы, әдеби үдерістегі орны және қазіргі гуманитарлық ғылымдағы зерттелу мәселелері сараланды. Конференция Жамбыл мұрасын заманауи ғылыми тұрғыдан зерделеуге, жамбылтану ғылымының өзекті мәселелерін саралауға және ақын шығармашылығын зерттеудің жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы, Филология факультеті
Басқа жаңалықтар