Ораз Рымжановтың 80 жылдығына арналған байқауда ҚазҰУ студенті үздік атанды — ҚазҰУ

Ораз Рымжановтың 80 жылдығына арналған байқауда ҚазҰУ студенті үздік атанды

2 қазан 2026
Ораз Рымжановтың 80 жылдығына арналған байқауда ҚазҰУ студенті үздік атанды

2026 жылғы 2 қазанда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқу театрында белгілі кинорежиссер, кинооператор және продюсер Ораз Мақатұлы Рымжановтың туғанына 80 жыл толуына арналған естелік кеш өтті.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының шығармашылық жоғары оқу орындарының студенттері арасында ұйымдастырылған бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.

Байқау көрнекті кинематографист Ораз Рымжановтың шығармашылық мұрасын дәріптеу, оның отандық кино өнерінің дамуына қосқан үлесін насихаттау, сондай-ақ студент жастардың шығармашылық ізденістерін қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Байқау қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің студенті Текесбаева Диана Жанболатқызы «Семей ядролық полигоны қасіретін деректі және көркем тұрғыда пайымдау» тақырыбындағы «Үздік бейнеролик» номинациясының жеңімпазы атанды.

Бейнероликте Семей ядролық полигонының қасіреті деректі материалдар мен көркемдік тәсілдер арқылы пайымдалып, тарихи жады, адам тағдыры және қоғам үшін маңызды әлеуметтік мәселелер сабақтастығында ұсынылды.

Аталған жеңіс жас автордың кәсіби және шығармашылық ізденісінің нәтижесін көрсетіп, тарихи және қоғамдық маңызы бар тақырыптарды заманауи аудиовизуалды форматта жеткізуге деген ұмтылысын айқындайды.

Диана Жанболатқызын жеңісімен құттықтаймыз және алдағы шығармашылық жолына жаңа жетістіктер тілейміз!