Студенттің психологиялық және физикалық қауіпсіздігі — ҚазҰУ

Студенттің психологиялық және физикалық қауіпсіздігі

25 қыркүйек 2026
Студенттің психологиялық және физикалық қауіпсіздігі

2026 жылғы 25 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде «Студенттің психологиялық және физикалық қауіпсіздігі» тақырыбында дәріс өткізілді. Іс-шараны метеорология және гидрология кафедрасының аға кураторы Ахметова Р.Е. өткізді.

Кездесудің мақсаты - студенттердің жеке қауіпсіздік туралы түсінігін кеңейту, психологиялық әл-ауқатты сақтаудың маңызын түсіндіру және өзара қолдау мәдениетін қалыптастыру. Дәріс барысында жеке шекараны құрметтеу, күйзелістің алдын алу, жанжалдарды бейбіт жолмен шешу және күнделікті өмірдегі қауіпсіз мінез-құлық мәселелері талқыланды. Қиын жағдайда дер кезінде көмек сұраудың маңызына ерекше назар аударылды.

Дәрістің практикалық бөлімінде студенттер шағын топтарға бөлініп, «Қауіпсіз әрекет ету жолдары» тақырыбындағы жағдаяттық тапсырмаларды орындады. Қатысушылар студенттік ортадағы келіспеушіліктер, оқу барысында туындайтын күйзеліс, жеке шекараны сақтау және ықтимал қауіпті жағдайлар туралы мысалдарды талқылады. Әр топ ықтимал қауіптерді анықтап, әрекет ету жолдары мен көмекке жүгіну мүмкіндіктерін қарастырды, ортақ шешімдерін жұмыс парақтарына жазды.

Топтық жұмыс студенттерге өз пікірін білдіруге, бірін-бірі тыңдауға және бірлесіп шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Іс-шара жастардың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауына және студенттік ортада өзара құрмет пен қолдау мәдениетін нығайтуға бағытталды.