Кітап оқу мәдениеті – зерделі ұлт қалыптастырудың негізі — ҚазҰУ

Кітап оқу мәдениеті – зерделі ұлт қалыптастырудың негізі

9 қазан 2026
Кітап оқу мәдениеті – зерделі ұлт қалыптастырудың негізі

Бүгін университетімізде өткен «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» атты іс-шара аясында «Әлеуметтік жұмыс» мамандығының 2-4 курс студенттерімен мазмұнды да тағылымды кездесу өтті. Бұл жиын тек кітап оқу емес, оны терең ұғыну мен зерделеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ерекше алаңға айналды.

Іс-шара барысында болашақ әлеуметтік жұмыс мамандарымен бірге кітап оқудың тиімді ережелері мен жаңашыл әдістері қарастырылды. Қатысушылар әлеуметтік ғылымдар бағытындағы іргелі еңбектермен және тағылымы мол әдеби туындылармен жақыннан танысып, олардың кәсіби және тұлғалық дамудағы рөлін бағамдады.

Кездесудің негізгі бөлігі мәтінмен жұмыс істеу өнері, сыни ойлау жүйесін дамыту және ақпаратты есте сақтау қабілетін арттыру мәселелеріне арналды. Студенттер тек тыңдаушы ғана емес, белсенді пікірсайыс мүшесі болып, өз көзқарастарын ортаға салды. Дискуссия барысында мәтінді жай ғана оқып шығу жеткіліксіз екені, оның астарына үңіліп, талдау жасау арқылы ғана саналы ойлау қалыптасатыны анықталды.

Бұл жұмыстың нәтижесінде студенттер бойында мынадай маңызды факторлар айқындалды және бекітілді:

1)Сауатты оқу дағдысы: Текстпен дұрыс жұмыс істеу (ішінара белгілеу, конспектілеу, негізгі идеяны бөліп алу) арқылы уақытты үнемдеу мен ақпаратты терең меңгеру әдістері меңгерілді.

2) Зерделілік пен есте сақтау: Аналитикалық ойлаудың жадыны жақсартуға тікелей әсер ететіні дәлелденіп, есте сақтаудың когнитивті тәсілдері анықталды.

3) Кәсіби инсайт: Болашақ әлеуметтік қызметкерлер үшін кітап оқу — қоғамды, адам психологиясын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін басты құрал екені туралы ортақ байлам жасалды.

Осылайша, бүгінгі іс-шара студенттердің интеллектуалды әлеуетін көтеріп, ел болашағы үшін «Зерделі ұлт» қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.