- Басты бет
- Жаңалықтар
- География және табиғатты пайдалану факультетінде студенттермен академиялық ұтқырлық мәселелері бойынша кездесу өтті
География және табиғатты пайдалану факультетінде студенттермен академиялық ұтқырлық мәселелері бойынша кездесу өтті
2026 жылғы 7 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Самғат Қуатұлы Ермекбаев пен Халықаралық ынтымақтастық және интернационалдандыру департаментінің өкілдері халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға қызығушылық танытқан факультет студенттерімен кездесті.

Кездесудің негізгі мақсаты студенттерді шетелдік серіктес университеттерде білім алу мүмкіндіктерімен, қолданыстағы академиялық алмасу бағдарламаларымен, конкурстарға қатысу шарттарымен және халықаралық академиялық ұтқырлықты қаржыландыру тетіктерімен таныстыру болды.
Іс-шара барысында бірінші проректор студенттердің кәсіби дамуы, білім сапасын арттыру және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін халықаралық академиялық тәжірибенің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ факультет студенттерінің халықаралық білім беру бағдарламаларына белсенді қатысуының маңыздылығы атап өтілді.
Халықаралық ынтымақтастық және интернационалдандыру департаментінің өкілдері «GO GLOBAL WITH KAZNU» таныстырылымын өткізіп, Erasmus+, ORHUN, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын академиялық ұтқырлық, өзін-өзі қаржыландыру негізіндегі бағдарламалар және қос дипломды білім беру бағдарламалары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Факультет студенттері үміткерлерге қойылатын талаптармен, оның ішінде академиялық үлгерім, шетел тілін меңгеру деңгейі, қажетті құжаттарды дайындау тәртібі және өтінім беру мерзімдерімен танысты. Сонымен қатар шетелдік университетті таңдау, оқу пәндерін келісу және шетелде игерілген академиялық кредиттерді қайта есептеу мәселелері қарастырылды.
Қос дипломды білім беру бағдарламаларына да ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта география және табиғатты пайдалану факультетінде шетелдік серіктес университеттермен бірлесіп география, экология және табиғатты пайдалану, туризм және қонақүй менеджменті бағыттары бойынша алты бірлескен білім беру бағдарламасы ұсынылған.
Кездесу барысында академиялық ұтқырлықты қаржылық қамтамасыз ету мәселелері, оның ішінде гранттық қаржыландыру мүмкіндіктері, жол жүру және тұру шығындарын өтеу шарттары, сондай-ақ республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын конкурстарға қатысу ерекшеліктері талқыланды.
Өткен кездесу факультет студенттеріне ҚазҰУ-дың халықаралық білім беру мүмкіндіктері туралы қажетті ақпарат алуға, академиялық алмасу бағдарламаларына қатысу шарттарымен танысуға және шетелде білім алуға дайындықтың келесі қадамдарын айқындауға мүмкіндік берді.
География және табиғатты пайдалану факультеті халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және білім алушылардың академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше көңіл бөлуді жалғастырып, студенттердің халықаралық білім беру тәжірибесін жинақтауына және болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасауда.
Басқа жаңалықтар