«Заң мен тәртіп»: цифрлық ортадағы қауіпсіздік пен жауапкершілік
2026 жылғы 8 қыркүйекте Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде бірінші курс студенттерінің қатысуымен «Заң мен тәртіп: қауіпсіз қоғам» қағидатын насихаттауға арналған кездесу өтті. Іс-шараны Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы ұйымдастырды.
Кездесуге спикер ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Ж.А. Кегембаева қатысты. Ол студенттерге «Цифрлық иммунитетті қалай қалыптастыруға болады?» тақырыбында баяндама жасап, заманауи технологияларды қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдаланудың маңызын түсіндірді.
Іс-шара барысында цифрлық сауаттылықты арттыру, жеке деректерді қорғау, интернет-алаяқтықтың алдын алу және электрондық сауда кезіндегі қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар дипфейк технологияларының ерекшеліктері, электрондық үкіметтің (eGov) қызметтерін қауіпсіз пайдалану және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәселелеріне назар аударылды.
Спикер цифрлық иммунитеттің мәнін түсіндіріп, оның технологиялардан бас тартуды емес, оларды саналы түрде, қауіпсіздік талаптары мен заң нормаларын сақтай отырып қолдануды білдіретінін атап өтті.
Кездесу студенттердің цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлер туралы түсінігін кеңейтіп, жеке ақпаратты қорғау мен интернеттегі жауапты мінез-құлықтың маңызын ұғынуға мүмкіндік берді. Қазіргі қоғамда құқықтық сауаттылық пен цифрлық мәдениетті дамыту – қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастырудың және азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды бағыттарының бірі.
Басқа жаңалықтар