Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің профессоры, экономика ғылымының докторы Қарлығаш Мұхтарова мерейлі жас – жетпісте.
Қарлығаш Сапарқызы мерейтойға отандық экономика ғылымына елеулі үлес қосқан ғалым, мәртебелі ұстаз, сүйікті ана ретіндегі өмірлік жетістіктерімен келіп отыр.
Ғалым қырық жылдан аса өмірлік жолын Қазақстан қоғамына жоғары маманданған шәкірттер даярлауға арнады. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетіндегі оқытушылық қызметінен кейін, 1996 жылдан бері Қарлығаш Сапарқызының кәсіби қалыптасып, кемелденуі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланысты. Әсіресе Менеджмент және маркетинг кафедрасын басқарған кезінде басқару саласына сапалы мамандар даярлау үдерісіне белсенді араласты. Ғалым әр жылдары Республикалық ғылыми-әдістемелік бірлестігінің «Менеджмент», «Маркетинг», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағыттары бойынша секциялардың төрағасы қызметін атқара отырып, сапалы, қазіргі заман талабына сай мазмұнды оқу бағдарламаларын жасауға көп үлес қосты. Қарлығаш Сапарқызы сол сияқты университеттің оқу бағдарламаларын жаңғырту үдерісіне белсенді атсалысты. 2016 жылы ғалымның басшылығымен мынадай үш оқу бағдарламасына лицензия алынды: DBA, логистика бойынша магистрлік бағдарлама, маркетинг бойынша докторлық бағдарлама.
Ғалымның ғылыми жолдағы ізденісі Серго Орджоникидзе атындағы Мәскеу басқару академиясына аспирантураға қабылдануынан басталды. Соның нәтижесінде «Экономика саласындағы басқару» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
2004 жылы «Экономика саласындағы басқару» мамандығы бойынша докторлық диссертациясында Қарлығаш Сапарқызы кедейлік және жұмыспен қамту мәселелерін ғылыми тұрғыда терең зерттеді. Бұл еңбек ұлттық экономика ғылымына қосылған тың еңбек ретінде бағаланды. Сөйтіп, 2007 жылы экономика саласы бойынша профессор атағына ие болды.
Қарлығаш Мұхтарова ғылыми кеңестерді басқарып және оған мүше бола отырып, экономиканың өзекті бағыттары бойынша ғылым мамандарын толықтыруға, ғылыми жаңа бағыттардың қалыптасуына ерекше күш-жігер жұмсады. Ғалымның басшылығымен «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Менеджмент» мамандықтары бойынша 8 PhD докторы, 11 ғылым кандидаты даярланды.
Зерделі ғалымның ғылыми баспа, жарияланым саласындағы қызметі айрықша мәнге ие. 2014-2018 жылдары «ҚазҰУ хабаршысы. Экономика сериясы» журналының редколлегия мүшесі және редакторы, BSCO халықаралық деректер қорына кіретін «Central Asian Journal of Social Sciences and Humanities» журналының ғылыми редакторы қызметін атқарды.
Бүгінде Қарлығаш Сапарқызы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар мен әлемдік экономика кафедрасының профессоры ретінде белсенді ғылыми-педагогикалық, қоғамдық қызмет атқаруда.
Профессор Қарлығаш Сапарқызы оннан астам ғылыми монографиялар мен оқу құралдарының, үш жүзден астам отандық және шетелдік мақалалардың авторы. Ғалым кәсіби қызметі барысында жетіден астам ғылыми жобаларға қатысып, жетекшілік етті. Оның еңбек жолында жеткен жетістіктері мемлекеттік, университеттік деңгейдегі марапаттар арқылы бағаланды. Әсіресе профессордың маңдай тері 2023 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен айғақталды. Қарлығаш Мұхтарованың кеудесіне осы мемлекеттік марапатты тағуы ұзақ жылдық еңбектің бағалануы деп білемін.
Қарлығаш Сапарқызына мерейтойында мықты денсаулық, отбасына амандық тілей отырып, болашақта шәкірттерді тәрбиелеуде, ғылымды дамытуда әлі де қосатын үлесің мол болсын деген тілек айтқым келеді.
Мәнсия САДЫРОВА,
социология ғылымдарының докторы, Әлеуметтану және
әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры
Басқа жаңалықтар