ҚазҰУ-да дропперлікке қарсы іс-қимылдың құқықтық тетіктері талқыланды
2026 жылғы 13 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде «Дропперлер қызметіне қарсы іс-қимыл: құқықтық тетіктерді жетілдіру және қылмыстық желілермен күрес» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатқан AP26101531 «Цифрлық экономика жағдайында дропперлер қызметінің жолын кесудің тиімді тетіктерін әзірлеу: құқықтық олқылықтарды жою және қылмыстық желілерге қарсы іс-қимыл» ғылыми жобасының шеңберінде өткізілді.
Кездесуге жоғары оқу орындарының ғалымдары, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының өкілдері, адвокаттар, докторанттар және магистранттар қатысты. Қазақстандық мамандармен қатар Қытай Халық Республикасынан келген практик адвокаттар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Дөңгелек үстелдің модераторлары жобаның жетекшісі – з.ғ.к., қауымдастырылған профессорҚ.Р. Усеинова мен з.ғ.д., профессор Ж.А. Кегембаева болды.
Дөңгелек үстел барысында дропперлер қызметін анықтау мен тергеп-тексерудің криминалистикалық ерекшеліктері, олардың әрекеттеріне қылмыстық-құқықтық баға беру, банк шоттары иелерінің жауапкершілігі және кінәні дәлелдеу мәселелері талқыланды. Қатысушылар нақты әрекеттің сипатын, тұлғаның қылмыстық схемаға қатысу мән-жайларын және құқықтық салдарды бағалаудың маңыздылығына назар аударды.
Дөңгелек үстелде мазмұндылығымен және практикалық маңызымен ерекшеленген баяндамалардың қатарында профессорлар З.Ж. Кенжалиев, А.А. Аубакирова мен А.К. Кусаинованың, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының адвокаттары Хэ Сан Гуй мен Хэ Ранның баяндамалары болды. Оларда дропперлікті анықтау мен тергеп-тексеру, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және ақшалай қаражатты қайтару мәселелері қарастырылып, цифрлық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдағы Қытай тәжірибесі ұсынылды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері пікірталасқа белсенді қатысып, күнделікті қызмет барысында кездесетін мәселелер мен оларды шешу жолдары жөнінде ой бөлісті. Ғалымдар мен практик мамандар арасындағы пікір алмасу дропперлікке қарсы іс-қимылдың құқықтық тетіктерін нақты тәжірибемен байланыстыра талқылауға мүмкіндік берді. Дөңгелек үстелде қарастырылған мәселелер ғылыми жоба аясындағы зерттеулерді тереңдету және құқықтық тетіктерді жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеу үшін маңызды ғылыми-практикалық негіз қалыптастырды.
Басқа жаңалықтар