- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымы Жапониядағы STS Forum 2026 халықаралық форумына қатысты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымы Жапониядағы STS Forum 2026 халықаралық форумына қатысты
2026 жылғы 2–9 қазан аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химиялық физика және материалтану кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Жандос Тауанов Жапонияға іссапармен барып, Киото қаласында өткен Science and Technology in Society (STS Forum 2026) халықаралық форумына қатысты және Нагоя университетінде жұмыс кездесулерін өткізді.
STS Forum – ғылым, технология және инновация саласындағы жаһандық мәселелерді талқылайтын маңызды халықаралық алаңдардың бірі. Форумға жетекші ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары, мемлекеттік органдардың, университеттердің, халықаралық ұйымдар мен технологиялық компаниялардың өкілдері қатысады.
Форум аясында Жандос Тауанов жас ғылыми көшбасшыларды дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Young Leaders Program бағдарламасына қатысты. Бағдарлама Нобель сыйлығының лауреаттарымен, танымал зерттеушілермен және түрлі елдердің жас ғалымдарымен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Талқылаулардың негізгі тақырыптары жасанды интеллектінің ғылым мен білімге ықпалы, іргелі зерттеулердің болашағы, тұрақты даму, зерттеушілерді даярлау, сондай-ақ университеттер, мемлекет және өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастық болды.
Форумның маңызды оқиғаларының бірі – Жандос Тауановтың «Takeaways from STS Forum» атты қорытынды сессияда сөз сөйлеуі. Ұйымдастыру комитетінің шешімімен ол Young Leaders Program бағдарламасының 150-ден астам қатысушысының атынан форумның негізгі қорытындыларын ұсынуға таңдалды.
Өз сөзінде ҚазҰУ өкілі іргелі ғылымды қолдаудың, жасанды интеллект дәуірінде адам жауапкершілігін сақтаудың, сыни ойлау мен шығармашылық қабілеттерді дамытудың және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтудің маңызын атап өтті.
Форумға қатысу Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың (ISTC) қолдауымен жүзеге асты.
Нагоя университетімен ғылыми ынтымақтастықты дамыту
2026 жылғы 7–8 қазанда Жандос Тауанов Нагоя университетіне (Nagoya University) барып, профессор Анатолий Зинченкомен және ол жетекшілік ететін Sustainable Materials Research Group зерттеу тобының мүшелерімен кездесті.
Кездесуде ISTC қаржыландыруына ұсынылған «Biochar and Hydrochar from Agricultural and Marine Waste for Pharmaceutical Micropollutant Removal from Water Systems» бірлескен ғылыми жобасы талқыланды. Жоба іріктеудің бірінші кезеңінен өтіп, қазіргі уақытта толық өтінімді сараптаудың екінші кезеңінде қарастырылуда.
Сапардың маңызды нәтижесі – профессор Анатолий Зинченконың 2026–2027 оқу жылынан бастап бүкіл докторантура кезеңінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторантына шетелдік ғылыми кеңесші болуға келісім беруі. Сонымен қатар тараптар ұлттық және халықаралық ғылыми гранттарға бірлескен өтінімдер дайындауға келісті.
Жандос Тауанов университет, химиялық физика және материалтану кафедрасы, өз ғылыми тобының негізгі зерттеу бағыттары мен нәтижелері туралы презентация жасады. Профессор Зинченко зертханалық инфрақұрылымды таныстырып, зерттеу тобының әрбір мүшесімен жеке ғылыми пікір алмасу ұйымдастырылды.
STS Forum 2026 форумына қатысу және Нагоя университетіне сапар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық ғылыми байланыстарын нығайтып, бірлескен зерттеулер мен жас ғалымдарды даярлау үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Тауанов Жандос Тұрғелұлы
Химиялық физика және материалтану кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Басқа жаңалықтар