Ұлттық рухани мұраны дәріптеу: ҚазҰУ тыңдаушылары Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде — ҚазҰУ

Ұлттық рухани мұраны дәріптеу: ҚазҰУ тыңдаушылары Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде

6 қазан 2026
Ұлттық рухани мұраны дәріптеу: ҚазҰУ тыңдаушылары Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде

2026 жылғы 6 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы мен Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің бірлесіп ұйымдастыруымен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары аясында тағылымдық-танымдық іс-шара өткізілді.

Іс-шара ТДМ 4 – «Сапалы білім» және ТДМ 11 – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» мақсаттарын іске асыруға, білім алушылардың тарихи-мәдени сауаттылығын арттыруға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және мәдени мұраны сақтау қағидаттарын дәріптеуге бағытталды.

Тағылымдық саяхат барысында кафедра тыңдаушылары қазақ халқының көрнекті ағартушысы, ғалым, қоғам қайраткері, ұлттық тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барып, ұлт ұстазының өмір жолы мен шығармашылық мұрасымен танысты.

Музей-үйдің жетекшісі, белгілі ахметтанушы ғалым Райхан Сахыбекқызы Имаханбет тыңдаушыларға Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық қызметі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының қалыптасуына қосқан үлесі, ұлттық білім беру жүйесін дамытудағы тарихи рөлі туралы мазмұнды дәріс оқыды. Сонымен қатар ғалымның ғылыми еңбектері, қоғамдық қызметі және ұлттық руханиятты жаңғырту жолындағы идеялары кеңінен таныстырылды.

Тыңдаушылар музей экспозицияларындағы тарихи жәдігерлерді, құжаттар мен құнды мұрағат материалдарын тамашалап, қазақ халқының мәдени-тарихи мұрасының маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Бұл танымдық тәжірибе білім алушылардың тарихи санасын қалыптастыруға, мәдени бірегейлігін нығайтуға және ұлттық құндылықтарға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.

Іс-шараның жалғасында тыңдаушылар Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішке барып, ұлт ұстазының рухына тағзым етті. Сондай-ақ музейдің естелік кітабына өздерінің алған әсерлері мен ізгі тілектерін жазып қалдырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың тарихи-мәдени танымын кеңейту, ұлттық мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудың маңызын түсіндіру, ана тіліне деген құрметін арттыру және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру.

Аталған тағылымдық саяхат ТДМ 4-тің 4.7-міндетімен, яғни тұрақты даму үшін білім беру, мәдени әртүрлілікті құрметтеу, жаһандық азаматтық және мәдениеттің тұрақты дамуға қосатын үлесін түсіндіру бағыттарымен үндеседі. Сонымен қатар ТДМ 11-дің 11.4-міндетіне сәйкес ұлттық мәдени және тарихи мұраны қорғау мен сақтаудың маңызын насихаттауға ықпал етеді.

Мұндай білім беру және мәдени-ағартушылық бастамалар университеттің тұрақты даму қағидаттарын білім беру үдерісіне интеграциялау, мәдени мұраны сақтау, инклюзивті әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыру және жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру бағытындағы қызметінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Тағылымдық іс-шара тыңдаушылардың ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттырып, тарихи жадыны сақтау, мәдени сабақтастықты нығайту және рухани құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізу ісіне үлес қосты.