Ирантану бөлімі студенттері Хафиз кешіне қатысты — ҚазҰУ

Ирантану бөлімі студенттері Хафиз кешіне қатысты

15 қазан 2026
Ирантану бөлімі студенттері Хафиз кешіне қатысты

12 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында «Ұлы парсы ақыны – Хафиз Ширази» атты әдеби-поэзиялық кеш өтті.

Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының «Әлем әдебиеті» бөлімі мен Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы бірлесіп ұйымдастырды.

Кештің мақсаты – парсы әдебиетінің көрнекті өкілі Хафиз Ширазидің шығармашылық мұрасын насихаттау, оның әлемдік әдебиеттегі орнын таныту және Қазақстан мен Иран арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту.

Іс-шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы, парсы классикалық әдебиетіндегі орны, поэзиясының тақырыптық және көркемдік ерекшеліктері туралы баяндамалар оқылды. Осы кеште ирантану бөлімінің 3 курс студенттері Ф. Азонова, Р. Әділов, І. Ибрагим, М. Керімбай Хафиз ғазалдарын парсы тілінде оқыды.

Кеште ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева, Иран Ислам Республикасының Алаты қаласындағы Бас консулы Сона Ахмади, мәдени істер жөніндегі атташе Мохаммад Масуд Садеғи, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Кеш Хафиз Ширазидің бай әдеби мұрасын танытуға, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға және парсы поэзиясына деген қызығушылықты арттыруға бағытталды.

А.Ж. Боранбаева