Халықаралық QS рейтингінде қазақстандық ЖОО-лар алға жылжуда

26 қыркүйек, 2016

Халықаралық QS World University Rankings рейтингінде қазақстандық жоғары оқу орындар нық сеніммен алға жылжып келеді және алдағы уақытта осы бағытта әлеуеттерін арттыруға мол мүмкіндіктері бар. Осылайша «Қазақстан жоғары оқу орындарының халықаралық танымалдылығын арттыру» атты дөңгелек үстел жұмысы барысында QS халықаралық рейтинг агенттігінің Орталық Азия мен Шығыс Европа бойынша аймақтық директоры Зоя Зайцева пікірін білдірді.

Жоғары білім беру жүйесіндегі маңызды шаралардың біріне айналған жиын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтті. Аталмыш іс-шараға қазақстандық ЖОО басшылары мен ғылыми қоғам өкілдері ерекше қызығушылық танытты.

QS агентігінің кездесуді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұйымдастыруы кездейсоқтық емес. Соңғы бес жылда белді рейтингтегі университет көрсеткіштері қарқынды түрде алға жылжып, аз ғана уақыттың ішінде айтарлықтай жоғары көтерілді. Биыл ҚазҰУ 236-орыннан көрініп, әлемнің 250 үздік университеті қатарына енді. Айта кетерлігі, бұл топқа ТМД елдерінен екі ЖОО – Ломоносов атындағы ММУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана кірді. Осылайша жетекші қазақстандық университет Орталық Азия мен ТМД елдеріндегі теңдессіз көшбасшылығын тағы да дәлелдеді.

QS-тің аймақтық директоры Зоя Зайцева ҚазҰУ-дың рейтингтегі даму қарқыны мен үздік көрсеткіштері өзге оқу орындарына жақсы үлгі екенін және аталмыш тәжірибенің әлемдегі үздік университеттерде зерттеліп жатқандығын атап өтті. Бұл университеттің әлемдік білім мен ғылым нарығында бәсекелестікке қабілеттілігінің айқын дәлелі.

Бүгінде Қазақстанның 8 университеті әлемнің ең үздік 800 жоғары оқу орнының қатарында. Іс-шарада қазақстандық бірқатар ЖОО-ларға, соның ішінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-ға, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-ға, Қ. Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ-ға, Абай атындағы ҰПУ-ға тұңғыш рет QS WUR сертификаттарын тапсыру рәсімі өтті.