Студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру — ҚазҰУ

Студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру

13 қазан 2026
Студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру

Қазіргі қоғамда қаржылық сауаттылық – әрбір адамның өмірінде маңызды рөл атқаратын негізгі дағдылардың бірі. Әсіресе студенттер үшін қаржылық сауаттылықтың маңызы зор, себебі студенттік кезеңде жастар жеке қаражатын басқаруды, табыс пен шығынды жоспарлауды, жинақ жасауды және қаржылық шешімдерді дұрыс қабылдауды үйренеді. Сонымен қатар цифрлық технологиялардың дамуы қаржылық мүмкіндіктерді арттырғанымен, интернет-алаяқтық, қаржы пирамидалары және дропперлік сияқты жаңа қауіптердің пайда болуына себеп болды.

Соңғы жылдары жастар арасында кеңінен талқыланып жүрген мәселелердің бірі – дропперлік. Дроппер деп басқа адамдардың өтінішімен немесе белгілі бір сыйақы үшін өзінің банк картасын, банктік шотын немесе төлем құралдарын үшінші тұлғаларға беретін, сол арқылы күмәнді ақша аударымдарына қатысуы мүмкін адамды атайды. Кей жағдайда жастар өз әрекетінің заңсыз екенін түсінбей, алаяқтық схемалардың қатысушысына айналып жатады. Сондықтан студенттердің қаржылық сауаттылығын арттырумен қатар, дропперліктің мәнін түсіндіру және оның алдын алу шараларын күшейту маңызды.

Осы өзекті мәселеге орай 2026 жылғы 13 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес жоғары мектебі «Экономика» кафедрасы ұйымдастыруымен 16-Студенттер үйінде (жатақханада) факультет студенттеріне арналған «Қаржылық сауаттылық және дропперлік мәселесі» тақырыбында іс-шара өткізілді.

Іс-шара Тұрақты даму мақсаттарымен байланысты ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 4-мақсат: «Сапалы білім», 8-мақсат – « Тұрақты экономикалық өсім және лайықты жұмыс», 12-мақсат – «Жауапты тұтыну және өндіріс» және қағидаттарына назар аударылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру, жеке қаржыны дұрыс басқару дағдыларын қалыптастыру, қаржылық қауіпсіздік туралы түсініктерін кеңейту және дропперлік әрекеттердің алдын алу. Сонымен қатар студенттерге қаржылық алаяқтықтың түрлері, оның салдары және жеке деректерді қорғаудың маңыздылығы туралы ақпарат беру көзделді.

Іс-шара барысында қаржылық сауаттылықтың күнделікті өмірдегі маңызы түсіндірілді. Студенттерге кірістер мен шығыстарды жоспарлау, қаражатты тиімді пайдалану, жеке бюджетті қалыптастыру және қаржылық шешімдерді жауапкершілікпен қабылдау мәселелері таныстырылды. Қазіргі цифрлық қоғамда банк карталары мен мобильді қосымшаларды қауіпсіз пайдалану, белгісіз адамдарға жеке мәліметтерді бермеу және күмәнді қаржылық ұсыныстарға сақтықпен қарау қажеттілігі атап өтілді.

Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі – дропперлік мәселесі болды. Дропперлік дегеніміз – өз банк картасын, шотын немесе басқа да төлем құралдарын үшінші тұлғаларға беріп, олардың ақша операцияларын жүзеге асыруына көмектесу. Мұндай әрекеттер алаяқтықпен және заңсыз ақша айналымымен байланысты болуы мүмкін. Студенттерге бейтаныс адамдардың ұсынысымен ақша аударымдарын жасауға, банк картасының деректерін беруге немесе өз шотын басқа тұлғалардың пайдалануына рұқсат етуге болмайтыны түсіндірілді. Сондай-ақ мұндай әрекеттердің құқықтық және қаржылық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені ескертілді. Қаржылық білімнің қолжетімділігі, барлық студенттерге тең мүмкіндіктер беру және қауіпсіз әлеуметтік ортаны қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

Іс-шараға барлық курс студенттері белсенді қатысты. Кездесу барысында студенттер қаржылық қауіпсіздік туралы білімдерін толықтырып, дропперлік әрекеттердің қауіп-қатері жөнінде маңызды мәліметтер алды.

Өткізілген іс-шара студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға, құқықтық жауапкершілігін түсінуге және қаржылық алаяқтықтың алдын алуға бағытталған маңызды ақпараттық пайдалы жұмыс болды.

Іс-шараны ұйымдастырушылар: Есенгазиева С.К., Иляшова Г.К., Тураров Д.Р., Табеев Т.П. және Бейжанова Д.Т.