Бірінші проректор Самғат Ермеков студенттермен кездесті — ҚазҰУ

Бірінші проректор Самғат Ермеков студенттермен кездесті

15 қазан 2026
Бірінші проректор Самғат Ермеков студенттермен кездесті

2026 жылғы 15 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетінде университеттің бірінші проректоры Самғат Ермековпен студенттердің кездесуі өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – студенттерге академиялық ұтқырлық бағдарламалары, шетелдік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктері және халықаралық білім беру кеңістігінде тәжірибе жинақтау жолдары туралы ақпарат беру.

Кездесу барысында академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу тәртібі, шетелдік университеттерде бір семестр немесе оқу кезеңі бойы білім алу мүмкіндіктері, халықаралық академиялық байланыстарды дамыту және студенттердің шетелде тәжірибе жинақтауы мәселелері талқыланды. Сонымен қатар шетелде білім алуға қойылатын талаптар, құжаттарды дайындау, тілдік дайындық және халықаралық бағдарламаларға қатысу кезінде ескерілетін негізгі шарттар туралы айтылды.

Бірінші проректор студенттердің халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысуының маңыздылығына тоқталып, мұндай мүмкіндіктердің кәсіби және тұлғалық дамуға, жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға, сондай-ақ шет тілдерін меңгеру деңгейін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, академиялық ұтқырлық пен шетелде білім алу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат алды. Мұндай кездесулер жастардың халықаралық білім беру бағдарламаларына деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақ кәсіби бағытын айқындауына көмектеседі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттердің академиялық дамуына қолдау көрсетіп, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және білім алушыларға әлемдік білім беру кеңістігінде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беруге басымдық береді.

 

Әлеуметтік-тәрбие жөніндегі деканның орынбасары Басыгараев Жандос Махабатович