ҚазҰУ-да араб тілін оқыту мен үйренуге арналған семинарлар сериясы өтті
2026 жылғы 12–14 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде үш білім беру семинары өтті. Іс-шаралар «Қазақстандағы араб тілі айы» халықаралық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бағдарламаның ұйымдастырушылары – Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
Семинарларға Шығыстану факультетінің 1–4 курс студенттері қатысты. Бағдарлама араб тілін меңгерудің әртүрлі деңгейлерін қамтып, практикалық дағдыларды дамытуға бағытталды.
Алғашқы «A1–A2 деңгейлерінде араб тілін оқытудың негіздері» атты семинар тіл үйретудің бастапқы кезеңіне арналды. Студенттер тілдік дағдыларды қалыптастырудың негізгі қағидаларымен және оқу үдерісін жүйелі ұйымдастыру тәсілдерімен танысты.
Екінші семинардың тақырыбы – «B1–B2 деңгейлерінде араб тілін үйренушілердің сөйлеу дағдысын дамыту». Кездесуде ауызша сөйлеуге ерекше назар аударылды. Қатысушылар коммуникативтік дағдыларды жетілдіру және араб тілін түрлі қарым-қатынас жағдайларында қолдану жолдарын талқылады.
Үшінші «B1–B2 деңгейлерінде араб тілін үйренушілердің оқу дағдысын дамыту» атты семинар араб тіліндегі мәтіндермен жұмыс істеуге арналды. Қатысушылар мәтінді тереңірек түсінуге, сөздік қорды жетілдіруге және оқу дағдысын дамытуға көмектесетін тәсілдермен танысты.
Үш семинар мазмұндық жағынан бірін-бірі толықтырды. Төменгі курс студенттері араб тілін үйренудің жаңа тәсілдерімен танысса, жоғары курс студенттері алған білімдерін болашақ кәсіби қызметімен байланыстыруға мүмкіндік алды.
Семинарлар сериясы «Қазақстандағы араб тілі айының» білім беру бағдарламасын жалғастырып, тәжірибе алмасуға, жаңа білім алуға және кәсіби пікірлесуге мүмкіндік беретін алаңға айналды.
Жиекбаева А., Мамедова Ф.

Басқа жаңалықтар