Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жаһандық донор апталығы аясында «Көмек қолын соз» атты ерікті қан тапсыру науқаны өтті.
Донор күні ҚазҰУ-дың Smart Health UniverSity диагностикалық орталығында Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының қан орталығымен және LG Electronics Almaty Kazakhstan (LGEAK) компаниясымен бірге ұйымдастырылды.
Ақысыз және ерікті түрде қан тапсырған ҚазҰУ студенттері өздерінің азаматтық ұстанымын көрсетіп, мұқтаж және науқас адамдарға көмек қолын созды. ҚазҰУ-дағы донор күні дәстүрлі игі шаралардың бірі.
«Қанға мұқтаж жандар өте көп. Сондықтан аталмыш іс-шараның маңызы зор. Smart Health UniverSity орталығына жайғасқан қан тапсыру бекеті қан тапсырушылардың денсаулығына кері әсерін тигізбейтін қолайлы ортаны әзірледі. Біздің орталық барлық халықаралық стандарттарға сай жабдықталған», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың диагностикалық орталық директоры Эрнест Қалиев.
ҚазҰУ студенттері арасында тәжірибелі донорлар да бар болып шықты, дегенмен көпшілігі донорлар қозғалысына алғаш рет қатысып отырғандықтарын айтты. Қан тапсырған еріктілердің күш-қуатын қалпына келтіру үшін LG Electronics компаниясы жаңғақтармен, шоколадпен тәтті шәй ұйымдастырды.
Жыл сайын LGEAK командасы «Көмек қолын соз» атты Донор күнін ұйымдастырып тұрады. Бағдарлама жүзеге асқан үш жылдың ішінде қайырымдылық шарасына 2 миллионнан астам адам қатысқан.
Іс-шараға студенттерден бөлек Қазақстан эстрадасының жұлдыздары, спортшылар, блогерлер мен медиа саласындағы танымал тұлғалар қатысты. Сол арқылы олар қазақстандықтарды донор көмегіне мұқтаж отандастарына қарайласуға шақырды.
«№1 ұлттық университет студенттерінің донор қозғалысына қосылғандығы мені ерекше қуантты. Қан тапсыруға осындай дені сау, ақылды, мықты қыз-жігіттердің қатысуының арқасында өзгеге көмек қолын созу қоғамда кең етек жайып, дәстүрлі шаралардың біріне айналып отыр», – деп қалалық қан орталығының директоры Жандос Нәдіров ҚазҰУ студенттеріне алғысын білдірді.
Игі шараға қатысқан барлық қатысушыларға алғыс білдіреміз. Бәлкім дәл Сіздің көмек қолыңыз біреудің өмірін ажалдан арашалап қалған болар!