Қазақстан және Еуроодақ мемлекеттерін интеграциялау

13 наурыз, 2010

12 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Интеграция мен модернизация үрдісіндегі Орталық Азия мен Еуропа тарихының концептуалдық мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді. Аталмыш шара Қазақстандағы Германия жылына арналған.


Конференцияның басты мақсаты модернизация мен интеграция жағдайындағы тарихи даму мен халықаралық қатынастардың жетекші ұстанымдары мен болашағын талдау және ғылым, білім байланысын дамытуға үлес қосу еді.


Шараға ГФР-дың Бас консулы д-р Герольд Амелунг, арнайы неміс қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Алғы сөзінде Бас консул: «Аталмыш бас қосу екі жақтың ғылыми-зерттеу саласындағы қарым-қатынасын нығая түсетіндігіне кәміл сенемін. Қазақстандағы Германия жылына байланысты алдағы уақытта көптеген шараларда бас қосатын боламыз», - деген ризашылығын білдіріп.


Отырыстың бірінші бөлімінде баянадама жасаған отандық ғалымдар Еуропа Одағымен серіктес болу мемлекетіміздің жүргізіп отырған сыртқы саясатының бір жолы екендігін атап өтті. Бұл серіктестіктен Қазақстан аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, экономика, әлеумет және мәдениет салаларын дамытуда үлес қосатындығына сенімді. Әсіресе Қазақстан мен Германияның екі жақты қарым-қатынасына үлкен көңіл бөлінуде.


Конференцияға алыс және жақын шетелдердегі ірі университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарының белгілі ғалымдары мен қызметкерлері, жетекшілері қатысты. Арнайы шақырумен Тюбинген университетінің профессоры, Ерте дүние тарихы Институты (Германия) директорының орынбасары Mиша Майер, Тюбинген университетінің профессоры, Шығыс Еуропа Институтының директоры (Германия) Kлаус Гества қатысты. Ресейден т.ғ.д., РҒА Сібір бөліміндегі экономика және өнеркәсіп өндірісін ұйымдастыру Институтының бас ғылыми қызметкері, Новосибирск мемлекеттік университетіндегі «Аймақтық даму» бағыты орталығы директорының орынбасары Евгений Водичев және Ұлттық зерттеу университетінің доценті Наталья Аблажей қатысты (Ресей, НМУ).


- Біздің кафедра көп жылдар бойы Франкфурт, Тюбинген, Бремен, Билефельд, Рурск университеттерімен және ГФР-дың басқа да жетекші жоғары оқу орындарымен ғылыми қарым-қатынастар орнатқан. Кафедра қызметкерлері зерттеу жұмыстарын неміс университеттерімен тығыз қарым-қатынаста жүргізіп, еуропалық білім беру жүйесін ұстанып келеді, - деп әңгімелейді ҚазҰУ-дың дүниежүзі тарихы кафедрасының меңгерушісі профессор Қалқаман Жұмағұлов. - Мені Германиядағы университеттер дәріс оқуға жиі шақырады. Дәрісімді неміс тілінде оқимын, оның тақырыбы тек ғылыми зерттеулермен шектеліп қоймайды, қызығушылық танытатын тақырыптар аясын қамтиды. Мәселен, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектерінде көрініс табатын еуразиялық идеялары, Орта Азияның тарихы мен заманауи сипаты, қазіргі Қазақстан жөніндегі ой-толғаулар.


Конференция «Н.Ә.Назарбаевтың еуразиялылық идеясы және Қазақстанның интеллектуалдық элитасы» атты «дөңгелек үстел» түрінде жалғасты.


Конференция жұмысы ғылыми секцияларға бөлінді, онда Шығыс пен Батыстың мемлекеттік құрылымдарындағы этносаяси және әлеуметтік-экономикалық үдерістері, еуразиялық идеологияның тарихи-мәдени мәселелері мен болашағы талқыланды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі