«Экологиялық тәрбие: өзіңнен баста!» тақырыбында кураторлық сағат өткізілді — ҚазҰУ

«Экологиялық тәрбие: өзіңнен баста!» тақырыбында кураторлық сағат өткізілді

16 қазан 2026
«Экологиялық тәрбие: өзіңнен баста!» тақырыбында кураторлық сағат өткізілді

2026 жылғы 16 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 6В07304 – «Кадастр» білім беру бағдарламасының орыс бөлімінде білім алатын 1-курс студенттерімен «Экологиялық тәрбие: өзіңнен баста!» тақырыбында кураторлық сағат өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру, университет пен қоршаған ортаның тазалығына деген жеке жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға тәрбиелеу.

Кураторлық сағат барысында әр адамның қоршаған ортаны сақтаудағы рөлін түсінуге бағытталған интерактивті тренинг ұйымдастырылды. Студенттерге бірқатар тұжырымдар ұсынылып, олармен келіскен жағдайда қол көтеру арқылы жауап беру тапсырылды. Атап айтқанда, студенттер қоқысты тек қоқыс жәшігіне тастай ма, су мен электр энергиясын үнемдеуге тырыса ма, көп рет пайдалануға болатын бөтелкелерді қолдана ма, сенбіліктерге қатыса ма және табиғатты сақтау үшін күнделікті әдеттерін өзгертуге дайын ба деген сұрақтар қарастырылды.

Талқылау студенттерге қоршаған ортаны қорғауға қосатын жеке үлесі туралы ойлануға және экологиялық жауапкершілік қарапайым күнделікті әрекеттерден басталатынын түсінуге мүмкіндік берді. Қатысушылар университет аумағының тазалығын сақтау, су мен электр энергиясын ұтымды пайдалану, қалдықтардың мөлшерін азайту және экологиялық акцияларға қатысу тұрақты болашаққа бастайтын маңызды қадамдар деген қорытындыға келді.

Өткізілген іс-шара студенттердің экологиялық санасын арттыруға, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін дамытуға ықпал етті.