Студенттер «Силлено» өкілдерімен кездесті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде «Силлено» ЖШС өкілдерімен кездесу өтті. Бұл кездесуде студенттер ірі өндірістік жобамен танысып қана қоймай, болашақ мамандығының нақты мүмкіндіктерін көруге жол ашты.
Кездесудің негізгі мақсаты – студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамын SILLENO полиэтилен өндіру жобасының жүзеге асырылу барысымен таныстыру, болашақ кәсіби мүмкіндіктер туралы ақпарат беру және жас мамандарды компанияның кадрлық резервіне іріктеу.
Кездесуге компанияның бас технологі Н.Дубенский, бас механигі А.Гаврилов, жетекші инженер-технолог С.Ермекова қатысты.
Компания өкілдері Атырау облысында салынып жатқан интеграцияланған газ-химия кешені туралы айтып, жобаның негізгі бағыттары мен даму перспективаларын таныстырды. Кәсіпорын жылына 1,25 млн тоннаға дейін полиэтилен өндіруді көздейді, ал өндірісті іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Демек, жаңа кешенге химия және химиялық технология саласында білікті мамандар қажет болады.
Кездесуде студенттердің кәсіби тұрғыда дамуының мән-жайына, сондай-ақ жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Болашақ мамандар заманауи өндірісте қандай білім мен құзыреттер қажет екенін, жас кадрларды іріктеу, оқыту және тағылымдамадан өткізу бағыттары туралы тікелей сала мамандарынан білді.
Кездесудің маңызды бөлігі студенттерді бейіндік тестілеуден өткізу болды. Факультет студенттері жақсы нәтиже көрсетіп, өздерінің теориялық білімі мен кәсіби даярлық деңгейін таныта алды. Үздік нәтиже көрсеткен студенттер компания өкілдерімен жеке әңгімелесуге мүмкіндік алды.
Мұндай кездесулердің маңызы тек жұмысқа орналасу мүмкіндігімен шектелмейді. Студент үшін бұл – бүгінгі өндірістің нақты талаптарын түсіну, өз білімін бағалау және болашақ кәсіби бағытын айқындау мүмкіндігі. Ал университет үшін өнеркәсіппен тікелей байланыс білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына жақындатып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жол ашады.
Бүгін аудиторияда білім алып жүрген студенттің ертең еліміздің ірі өндірістік жобаларына қатысуы – университет пен өндіріс арасындағы осындай жүйелі байланыстың нақты нәтижесі.
Мөлдір ДҮЙСЕБАЕВА,
химия және химиялық
технология факультетінің деканы
Лейла КҮДРЕЕВА,
декан орынбасары
Басқа жаңалықтар