Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Бисенбаев Амангельды Куанбаевич Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықпен марапатталды — ҚазҰУ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Бисенбаев Амангельды Куанбаевич Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықпен марапатталды

20 қазан 2026
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Бисенбаев Амангельды Куанбаевич Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықпен марапатталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультеті Молекулалық биология және генетика кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Бисенбаев Амангельды Куанбаевич ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлыққа ие болды.
Амангельды Куанбаевич — молекулалық биология, генетика және биохимия салаларында еңбек етіп келе жатқан көрнекті ғалым. Оның әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі ғылыми-педагогикалық еңбек өтілі 30 жылдан асады. 1994 жылы бидай дәнінің алейрон қабатындағы α-амилазаның синтезі мен секрециясының биохимиялық механизмдеріне арналған кандидаттық диссертациясын, ал 2010 жылы биохимия мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ал 2017 жылы академигі болып сайланды.
2011 жылдан бастап Молекулалық биология және генетика кафедрасында профессор қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар, 2000 жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін қоса атқарады. Ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары гендердің белсенділігін молекулалық-генетикалық реттеу механизмдерін зерттеумен және гендік инженерия саласын дамытумен байланысты.
Ғалымның 250-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбегі жарық көрген. Ол ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, ғылыми кадрларды даярлауға және жоғары білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Оның жетекшілігімен бір кандидаттық және алты PhD диссертациясы қорғалған. Профессор бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде молекулалық биология, гендік инженерия, эволюциялық биология және рекомбинантты ДНҚ технологиялары бойынша пәндерден сабақ береді.
Амангельды Куанбаевичтің ғылыми және педагогикалық еңбегі бірқатар марапаттармен бағаланған. Ол 2007 және 2020 жылдары «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері атанды. 2008 жылы Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгімен, 2018 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал 2022 жылы ғылыми қызметтегі ерекше еңбегі үшін «Құрмет» орденімен наградталды.
Қаныш Сәтбаев атындағы сыйлықтың берілуі — ғалымның көпжылдық ғылыми еңбегінің, кәсіби шеберлігінің және Қазақстан ғылымының дамуына қосқан елеулі үлесінің лайықты бағасы.


Молекулалық биология және генетика кафедрасы Бисенбаев Амангельды Куанбаевичті лайықты марапатымен шын жүректен құттықтайды! Ғалымға зор денсаулық, ғылыми қызметіне толағай табыстар, жаңа жаңалықтар және жас зерттеушілерді даярлау жолында мол жетістіктер тілейміз!