Словениядағы халықаралық ғылыми тағылымдама: жылыжай газдарды кәдеге жаратуға арналған катализаторларды әзірлеу — ҚазҰУ

Словениядағы халықаралық ғылыми тағылымдама: жылыжай газдарды кәдеге жаратуға арналған катализаторларды әзірлеу

20 қазан 2026
Словениядағы халықаралық ғылыми тағылымдама: жылыжай газдарды кәдеге жаратуға арналған катализаторларды әзірлеу

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының доценті міндетін атқарушы Мағира Жылқыбек Словенияның Ұлттық химия институтының катализ және химиялық реакциялар инженериясы бөлімінде ғылыми тағылымдамадан өтуде. Тағылымдама 2025–2027 жылдарға арналған «Жас Ғалым» жобасы аясында «Жылыжай газдарды кәдеге жаратуға арналған полиоксидті катализаторларды жасаудың іргелі негіздерін дамыту» тақырыбы бойынша жүзеге асырылуда.

Қауымдастырылған профессор, доктор Andrii Kostyniuk жетекшілігімен жылыжай газдарды тиімді кәдеге жаратуға арналған жаңа полиоксидті катализаторларды әзірлеуге бағытталған бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Зерттеулер әзірленетін материалдардың құрамы, физика-химиялық қасиеттері мен каталитикалық белсенділігі арасындағы өзара байланыс туралы іргелі түсініктерді тереңдетуге бағытталған.

Тағылымдама барысында заманауи ғылыми жабдықтарды пайдалана отырып эксперименттік зерттеулер жүргізіліп, реакция өнімдеріне жоғары дәлдікті талдау және синтезделген катализаторларға кешенді физика-химиялық сипаттама жасалуда. Алынған деректер полиоксидті каталитикалық жүйелерді зерттеуге арналған ғылыми мақала дайындау мақсатында жүйеленіп, қорытындылануда.

Аталған жұмыстардың тұрақты даму тұрғысынан маңызы зор. Зерттеу тақырыбы ТДМ 13 «Климаттың өзгеруімен күрес» бағытына сәйкес келеді: жылыжай газдарды кәдеге жаратуға арналған катализаторларды әзірлеу осы саладағы технологиялық шешімдерді іздеудің ғылыми негізін қалыптастырады. Жаңа каталитикалық материалдарды жасау және зерттеу құзыреттерін дамыту ғылыми зерттеулер мен инновацияларды қолдауды көздейтін ТДМ 9 «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» мақсатымен де үйлеседі.

Тағылымдама әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық ғылыми ынтымақтастығын нығайтуға, зерттеу тәжірибесімен алмасуға және заманауи эксперименттік тәсілдерді меңгеруге ықпал етеді. Шетелдік әріптестермен бірлескен жұмыс катализдің және экологиялық бағыттағы химиялық технологиялардың өзекті бағыттары бойынша ғылыми жобаларды іске асыру мен жарияланымдар дайындау мүмкіндіктерін кеңейтеді.

 

Ергазиева Г. Е., химия ғылымдарының кандидаты, профессор, фи

зикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының меңгерушісі