- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің «Қазақстанның су қауіпсіздігі: заманауи сын-қатерлер мен даму перспективалары» тақырыбындағы көшбасшылық дәрісі
ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің «Қазақстанның су қауіпсіздігі: заманауи сын-қатерлер мен даму перспективалары» тақырыбындағы көшбасшылық дәрісі
2026 жылғы 21 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің «Қазақстанның су қауіпсіздігі: заманауи сын-қатерлер мен даму перспективалары» тақырыбындағы көшбасшылық дәрісі өтті.
Іс-шараға география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы, декан орынбасарлары, профессор-оқытушылар құрамы мен жас ғалымдары, сондай-ақ университеттің басқа факультеттері мен құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Кездесуді ҚазҰУ Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, еліміздің су шаруашылығы саласындағы стратегиялық міндеттерді шешуде ғылым, білім және заманауи технологияларды біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар университеттің Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігімен ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Көшбасшылық дәріс барысында Нұржан Нұржігітов Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне, су ресурстарын басқару жүйесіндегі заманауи сын-қатерлер мен саланың даму перспективаларына тоқталды. Су ресурстарын ұтымды пайдалану және сақтау, мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ су шаруашылығы қызметіне ғылыми тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Министр халық санының өсуі және су ресурстарына деген қажеттіліктің артуы жағдайында суды тиімді пайдалану, өзен алаптарын орнықты басқару және қабылданатын шешімдерді ғылыми тұрғыдан негіздеудің өзектілігін атап өтті.
Дәрістің маңызды бағыттарының бірі су ресурстарын алаптық қағидат негізінде басқаруды дамыту болды. Нұржан Нұржігітов өзен алаптарын дамыту жоспарларын әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, су шаруашылығы саласының практикалық міндеттерін шешуге ғылыми қоғамдастықты белсенді тарту қажеттігін атап көрсетті.

Осы тұрғыда ҚазҰУ ғалымдарының гидрология және су ресурстарын бағалау саласындағы ғылыми-зерттеу қызметіне ерекше көңіл бөлінді. Министр университет ғалымдарының Талас өзені алабында жүргізген кешенді зерттеулерінің нәтижелерін жоғары бағалап, ғылыми зерттеулер негізінде алапты дамыту жоспарын әзірлеу үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға қызығушылық білдірді.
География және табиғатты пайдалану факультеті үшін дәріс барысында көтерілген су ресурстарын бағалау және болжау, гидрологиялық процестерді зерттеу, суды ұтымды пайдалану және заманауи зерттеу әдістерін өзен алаптарын басқару тәжірибесіне енгізу мәселелерінің маңызы зор. Бұл бағыттар факультеттің ғылыми және білім беру қызметімен, соның ішінде гидрология және су ресурстары саласындағы мамандарды даярлаумен тікелей байланысты.
Кездесу аясында су шаруашылығы саласына білікті мамандар даярлау, студенттердің кәсіби практикадан өту мүмкіндіктерін кеңейту және жас ғалымдарды ғылыми-қолданбалы жобаларға тарту мәселелері де талқыланды. Министр ҚазҰУ студенттері мен зерттеушілерін бірлескен жобаларға қатысуға және министрлікке қарасты ұйымдарда практикадан өтуге шақырды.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі ҚазҰУ мен Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі арасында ынтымақтастық туралы екі құжатқа қол қойылуы болды. Бірінші меморандум стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталса, екіншісі университет ғалымдары мен министрлік жанындағы Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы мамандарының қатысуымен бірлескен ғылыми-сараптамалық зерттеулер жүргізуді көздейді.
Нұржан Нұржігітовтің көшбасшылық дәрісі Қазақстанның су қауіпсіздігі саласындағы заманауи сын-қатерлерді және ғылым, білім мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылауға арналған маңызды алаң болды.
География және табиғатты пайдалану факультеті өкілдерінің іс-шараға қатысуы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, қолданбалы зерттеулерді дамытуға және еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен су ресурстарын орнықты басқарудың өзекті міндеттерін шеше алатын жоғары білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар