ҚР Су ресурстары және ирригация министрі география және табиғатты пайдалану факультетінің ғылыми зертханаларымен танысты — ҚазҰУ

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі география және табиғатты пайдалану факультетінің ғылыми зертханаларымен танысты

21 қазан 2026
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі география және табиғатты пайдалану факультетінің ғылыми зертханаларымен танысты

2026 жылғы 21 қазанда Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жұмыс сапары аясында университеттің ғылыми-зерттеу орталықтарын, соның ішінде География және табиғатты пайдалану факультетінің 2024 жылы құрылған Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану ғылыми орталығын аралады. Орталық құрамында климатология, гидрология, су ресурстарын ұтымды пайдалану, цифрлық картография, геоақпараттық технологиялар, экологиялық қауіпсіздік, топырақ экологиясы, тұрақты туризм және аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағыттары бойынша зерттеулер жүргізетін он ғылыми зертхана жұмыс істейді.

 

 

 

 

Орталық қызметінде жерүсті және жерасты суларының сапасын бағалау, атмосфералық процестерді мониторингтеу, климаттың өзгеруінің салдарын зерттеу, ландшафттардың деградациясын талдау және табиғатты ұтымды пайдаланудың ғылыми негізделген тәсілдерін әзірлеуге бағытталған зерттеулер ерекше орын алады. Қойылған міндеттерді шешу үшін факультет ғалымдары зертханалық талдаудың, математикалық модельдеудің, геоақпараттық технологиялардың және Жерді қашықтан зондтаудың заманауи әдістерін қолданады.

Факультеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы кешенді пәнаралық зерттеулер жүргізуге, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тұрақты басқару саласында ғылыми негізделген шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

Университеттің ғылыми орталықтарын аралау қорытындысы бойынша министр Нұржан Нұржігітов жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарын жоғары бағалап, су ресурстарын ұтымды пайдаланудың, су шаруашылығы саласындағы өзекті міндеттерді шешуді ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етудің және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Салалық министр басшысының сапары Қазақстанның өзекті экологиялық және су шаруашылығы мәселелерін шешудегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ География және табиғатты пайдалану факультетінің ғылыми әлеуетінің маңыздылығын, сондай-ақ еліміздің тұрақты дамуы жолында ғылым мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын айқындады.