ҚАРТТАР КӨҢІЛІНЕ ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН ІЗГІ КЕЗДЕСУ
2026 жылғы 21 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сакенова Айгерім Нұрланқызы мен Студенттік деканат командасы «Наш дом» қарттар үйіне барып, қариялармен жүздесті.
Кездесудің басты мақсаты – аға буынға құрмет көрсетіп қана қоймай, оларға шынайы көңіл бөліп, күнделікті өмірлеріне аз да болса қуаныш сыйлау. Студенттер қариялардың хал-жағдайын сұрап, әңгімелесіп, қажетті көмектерін көрсетті. Жылы сөздері мен ақжарқын жүздері арқылы олардың көңілін көтеріп, бірге өткізген уақыттарын жағымды естелікке айналдыруға тырысты.
.jpeg)
Кейде адамға үлкен сыйлықтан гөрі, жанында отырып әңгімелесетін жанның болғаны, халін сұрап, шын көңілмен тыңдағаны әлдеқайда қымбат. Қарапайым ғана көңіл бөлу мен шынайы ықыластың өзі жүрекке жылу сыйлап, адамға өзін жалғыз сезінбеуге көмектеседі. Бұл кездесу де студенттер үшін мейірімділіктің мәнін тереңірек түсініп, әрбір жылы сөз бен игі істің қадірін сезінуге мүмкіндік берді.
.jpeg)
Қариялар – өмірдің талай белесінен өтіп, кейінгі ұрпаққа өнеге қалдырған жандар. Оларға құрмет көрсету, қолдау білдіру және қамқорлық таныту – әрқайсымыздың адамдық парызымыз. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету секілді асыл қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы тиіс.

Осындай игі бастамалар жастардың бойында жанашырлық, қайырымдылық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырып, қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды нығайтады. Өйткені мейірімділік үлкен істерден ғана емес, біреудің көңілін табудан, қол ұшын созудан және шын жүректен жасалған кішкентай жақсылықтан басталады.

Қарияның көңіліне қуаныш сыйлау – өткенге құрмет, бүгінге ізгілік, болашаққа өнеге.
Басқа жаңалықтар