ҚазҰУ дамудың жаңа бағыты мен KPI жүйесін бекітті — ҚазҰУ

ҚазҰУ дамудың жаңа бағыты мен KPI жүйесін бекітті

22 қазан 2026
ҚазҰУ дамудың жаңа бағыты мен KPI жүйесін бекітті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми кеңес отырысы өтті. Күн тәртібінде Қазақстанның конституциялық дамуы, университеттің стратегиялық басымдықтары, негізгі тиімділік көрсеткіштерін (KPI) жетілдіру және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелері қаралды. 

Басқосуда ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Самғат Ермекбаев 2026-2027 оқу жылына арналған университет дамуының негізгі бағыттары мен басымдықтарын таныстырды. Ол Farabi University-ді 2030 жылға дейін дамытудың стратегиялық бағдарлары мен халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған нысаналы көрсеткіштерді атап өтті. Университетті дамытудың негізгі басымдықтары ретінде жаһандық бәсекеге қабілеттілік, жасанды интеллект пен цифрлық трансформация, ғылыми зерттеулер сапасын арттыру, Research to Market тұжырымдамасын дамыту, таланттарды тарту және қолдау, сондай-ақ тұрақты даму бағыттары белгіленді.

2030 жылға дейін шетелдік студенттердің үлесін 32 пайызға дейін арттыру, академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында жыл сайын 900 студенттің шетелде білім алуын қамтамасыз ету және оқытушы-профессорлар құрамының 8 пайызын жыл сайын шетелдік тағылымдамаларға жіберу көзделген. Бұл міндеттер халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығын арттыруға және университеттің жаһандық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар Стратегиялық даму орталығының директоры Жандос Байжұма 2026-2027 оқу жылына арналған KPI жүйесі мен Индикативтік жоспарды таныстырды. Баяндамада оқытушы-профессорлар құрамы мен құрылымдық бөлімшелер қызметін бағалау тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ университеттің QS World University Rankings және Times Higher Education World University Rankings (THE WUR) халықаралық рейтингтеріндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық берілді.

Жаңартылған KPI жүйесінде ғылыми жарияланымдардың сапасы, халықаралық ғылыми ынтымақтастық, зерттеулердің дәйексөз алу деңгейі, онлайн-білім беруді дамыту және академиялық ұтқырлықты кеңейту негізгі көрсеткіштер ретінде қарастырылған. Сонымен қатар ғылыми нәтижелерді FWCI нормаланған дәйексөз көрсеткіші арқылы бағалау, жоғары рейтингті ғылыми журналдардағы жарияланымдарды ынталандыру және патенттік қызметтің нәтижелілігін арттыру мәселелері қамтылды.

Спикер KPI жүйесін жетілдіру шараларын да айқындады. Олар декандар мен кафедра меңгерушілеріне арналған жеке көрсеткіштер картасын әзірлеуді, нәтижелерге тұрақты мониторинг жүргізуді және Farabi Flow ақпараттық жүйесіндегі аналитикалық құралдарды дамытуды қамтиды. Оқытушыларға бекітілген көрсеткіштерді түсіндіру мақсатында алдағы уақытта вебинарлар мен практикалық семинарлар өткізу жоспарланған.

Отырыс барысында Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев университеттің негізгі міндеттеріне назар аударды. Басты мақсат – стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу, KPI көрсеткіштерін орындау және ғылыми зерттеулердің практикалық нәтижелілігін арттыру. Сонымен қатар халықаралық академиялық ұтқырлықты дамыту мен ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың маңызын атап көрсетті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі