ҚазҰУ ғалымдары циркулярлық экономика заңнамасын сараптады — ҚазҰУ

ҚазҰУ ғалымдары циркулярлық экономика заңнамасын сараптады

22 қазан 2026
ҚазҰУ ғалымдары циркулярлық экономика заңнамасын сараптады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне орай, «Циркулярлық экономиканы құқықтық реттеу: Қазақстан Республикасының заңнамасы және оны жетілдіру перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, Қытай, Польша, Италия, Түркия, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген мамандар, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Конференцияны ашқан модератор, заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов циркулярлық экономикаға көшудің өзектілігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағыт ресурстарды үнемдеуді, өнімнің қызмет ету мерзімін ұзартуды және материалдарды қайта өңдеп, шаруашылық айналымына қайта қосуды көздейді. Сондықтан экологиялық талаптармен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау, тұтынушылардың мүдделерін ескеру және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру маңызды.

Университет басшылығы атынан қатысушыларға ҚазҰУ ректорының кеңесшісі, заң ғылымының докторы, профессор Еркін Дүйсенов құттықтау сөз арнады. Ол жаңа Конституцияда экология мен экономиканы құқықтық реттеу мәселелеріне ерекше мән берілгенін атап өтті.

«Жаңа Конституция меншіктің алуан түрлі нысандарын мойындайды және жалпыхалықтық меншік институтының қалыптасуына негіз қалайды. Бұл муниципалдық меншікті дамытуға және жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Қазақстанның көпэтносты және көпконфессиялы құрамын, жекелеген этностардың жинақы қоныстануын ескере отырып, бұл мәселеге байыппен қарау қажет», – деді профессор.

Қазақстан Республикасы Криминологиялық қауымдастығының президенті, заң ғылымының докторы, профессор Игорь Рогов циркулярлық экономикаға көшу барысында туындайтын құқықтық тәуекелдерге назар аударды. Оның пікірінше, жаңа қоғамдық қатынастарды тиімді құқықтық қорғау, соның ішінде қылмыстық-құқықтық тетіктерді жетілдіру қажет.

Шара аясында «Қазақстан Республикасының цифрлық құқығы» атты оқу құралының тұсаукесері өтті. Басылым Д.Л.Байдельдинов, Г.А.Қуаналиева, Г.Т.Айтранова, А.Б.Омарова, Ж.Б.Ақшатаева, А.К.Құсайынова, Г.К.Рашева, Д.Е.Жапарқұлова және С.В.Романенко авторлығымен әзірленген. Оқу құралында цифрландырудың мәні, цифрлық құқық саласындағы мемлекеттік саясат, цифрлық процестердің халықаралық аспектілері және өзге де өзекті мәселелер қамтылған.

Конференцияға қатысушылар циркулярлық экономиканы құқықтық реттеудің теориялық және практикалық қырларын, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жолдарын, қалдықтарды басқару мен қайта өңдеудің құқықтық тетіктерін, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және бизнестің экологиялық жауапкершілігін арттыру мәселелерін кеңінен талқылады.

Жиын соңында ҚазҰУ заң факультетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы ұйымдастырған «Циркулярлық экономикаға көшудің құқықтық тетіктері» тақырыбындағы эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі