ҚазҰУ-дың азаматтық құқық және азаматтық процесс, еңбек құқығы кафедрасының түлектері Германияның құқық магистрі дипломдарын алды — ҚазҰУ

ҚазҰУ-дың азаматтық құқық және азаматтық процесс, еңбек құқығы кафедрасының түлектері Германияның құқық магистрі дипломдарын алды

22 қазан 2026
ҚазҰУ-дың азаматтық құқық және азаматтық процесс, еңбек құқығы кафедрасының түлектері Германияның құқық магистрі дипломдарын алды

2026 жылғы 22 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінің отырысында университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.К. Түймебаев заң факультетінің азаматтық құқық, азаматтық процесс және еңбек құқығы кафедрасының түлектеріне Германияның Висмар қолданбалы ғылымдар университеті берген құқық магистрі (Master of Laws, LL.M.) дипломдарын табыстады. Қос дипломды білім беру бағдарламасын сәтті аяқтаған түлектердің қатарында бес магистрант бар: Абдраимова Айганым, Мархаббатқызы Шадияр, Савич Максим, Серік Ернар және Тохтиева Карина.

Қос дипломды білім беру бағдарламасы 2018 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Германияның Висмар қаласындағы Қолданбалы ғылымдар, технологиялар, бизнес және дизайн университеті арасында бірлесіп жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама екі дербес білім беру бағдарламасын қамтиды: ҚазҰУ-дағы «7М04218 - Құқықтану» және Висмар университетіндегі «Неміс және халықаралық коммерциялық құқық». Оқыту екі университеттің білім беру үдерісінің ерекшеліктері ескерілген келісілген оқу жоспары негізінде жүргізіледі.

Оқуды аяқтап, екі бағдарламаның талаптарын орындаған түлектер екі университеттің дипломдарын алады. Неміс құқық магистрі (Master of Laws, LL.M.) дәрежесі неміс және халықаралық коммерциялық құқық саласындағы кәсіби даярлықты растайды әрі халықаралық заң және аудиторлық фирмаларда, сондай-ақ Қазақстанда, Германияда және басқа елдерде жұмыс істейтін компанияларда кәсіби қызмет атқару мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Бағдарлама түлектері ірі коммерциялық компанияларда, мемлекеттік және құқық қорғау органдарында, сондай-ақ басқа да ұйымдарда қызмет атқарып, кәсіби салада табысты еңбек етуде. Олардың кейбірі ғылыми-зерттеу қызметін жалғастырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің докторантурасында білім алуды жоспарлап отыр.

Қос дипломды білім беру бағдарламасы Қазақстан мен Германия арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, халықаралық білім алған бәсекеге қабілетті заңгерлерді даярлауға, сондай-ақ түлектердің кәсіби және ғылыми тұрғыдан даму перспективаларын кеңейтуге ықпал етеді.

 

«7М04218 - Құқықтану (Неміс және халықаралық коммерциялық құқық)» ББ үйлестірушісі, заң ғылымдарының кандидаты, азаматтық құқық, азаматтық процесс және еңбек құқығы кафедрасының доценті Абикенов Архат Ашметович.