ФОКУС-ТОП: «Қазақстан өңірлерінде ТДМ 1 және ТДМ 8 жүзеге асыру: табыс теңсіздігі және кедейлікті азайтудың тетіктері» — ҚазҰУ

ФОКУС-ТОП: «Қазақстан өңірлерінде ТДМ 1 және ТДМ 8 жүзеге асыру: табыс теңсіздігі және кедейлікті азайтудың тетіктері»

10 сәуір 2025
ФОКУС-ТОП: «Қазақстан өңірлерінде ТДМ 1 және ТДМ 8 жүзеге асыру: табыс теңсіздігі және кедейлікті азайтудың тетіктері»

2025 жылғы 9 сәуірде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық даму парадигмасы: сын-қатерлер, салдар, мүмкіндіктер» атты III халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында «Қазақстан өңірлерінде ТДМ 1 және ТДМ 8 жүзеге асыру: табыс теңсіздігі және кедейлікті азайтудың тетіктері» тақырыбында кеңейтілген фокус-топ отырысы өтті.

Ғылыми-сараптамалық іс-шара AP23489032 «Қазақстан өңірлерінде табыс теңсіздігі және кедейлік деңгейін төмендетуге шағын және орта кәсіпкерліктің әсерін әлеуметтік турбуленттіліктің жергілікті тәуекелдерін азайту тұрғысында зерттеу» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Фокус-топ жұмысына мемлекеттік басқару органдарының, ғылыми-зерттеу ұйымдарының, халықаралық қаржы институттарының, кәсіпкерлік құрылымдардың өкілдері мен университет ғалымдары қатысты. Олардың қатарында Экономикалық зерттеулер институтының, KPMG компаниясының, Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC, World Bank Group), сондай-ақ өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мекемелерінің сарапшылары болды.

Кездесуде халықтың табыс теңсіздігі мен кедейлік деңгейінің өңірлік ерекшеліктері, атаулы әлеуметтік көмектің тиімділігі, Отбасының цифрлық картасын қолдану мүмкіндіктері, шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуметтік-экономикалық ықпалы және мемлекеттік әлеуметтік саясатты жетілдіру жолдары талқыланды.

Фокус-топтың практикалық бөлімінде қатысушылар тақырыптық жұмыс топтарына бөлініп, әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзекті мәселелерді саралады. Сарапшылар халықтың экономикалық белсенділігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту және өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтықты қысқарту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.

Ғылыми пікірталас барысында әлеуметтік қолдаудың уақытша материалдық көмек көрсетумен шектелмеуі, азаматтардың еңбек нарығына бейімделуіне, кәсіби әлеуетінің дамуына және тұрақты табыс көздерін қалыптастыруына жағдай жасауы қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Фокус-топ аясында жинақталған сарапшылық пікірлер мен тәжірибелік ұсыныстар ғылыми жобаның зерттеу бағыттарын толықтыруға, өңірлік кедейлік пен табыс теңсіздігін төмендетудің тиімді тетіктерін айқындауға және әлеуметтік саясатты жетілдіруге арналған ұсынымдар әзірлеуге негіз болды.

Ғылым, мемлекеттік басқару және кәсіпкерлік арасындағы өзара ықпалдастық әлеуметтік-экономикалық мәселелердің ғылыми негізделген шешімдерін қалыптастыруда маңызды орын алады.