Зияткерлік және қаржылық сауаттылық — ҚазҰУ

Зияткерлік және қаржылық сауаттылық

23 қазан 2026
Зияткерлік және қаржылық сауаттылық

Ғылым мен инновацияның болашағы: генетиканың заманауи жетістіктерін дамытудағы қаржыландырудың рөлі

Биология факультетінің 3-курс студенттерімен «Зияткерлік және қаржылық сауаттылық» бағыты аясында «Ғылым мен инновацияның болашағы: генетиканың заманауи жетістіктерін дамытудағы қаржыландырудың рөлі» тақырыбында ашық кураторлық лекция өткізілді.

Қазіргі таңда генетика мен биотехнология – адамзаттың болашағын айқындайтын, ғылым мен технологияның дамуына тың серпін беретін маңызды бағыттардың бірі. Геномды зерттеу, молекулалық-генетикалық талдау, генетикалық маркерлерді пайдалану және заманауи биотехнологиялық әдістерді енгізу – ғылыми жаңалықтар мен инновациялық шешімдердің негізі. Ал осындай жетістіктерге қол жеткізуде ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, ресурстарды тиімді пайдалану және қаржылық сауаттылықтың маңызы ерекше.

Лекция барысында ғылымды қаржыландырудың ғылыми ізденістерді дамытудағы рөлі, инновациялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері, зертханалық зерттеулерді қолдау және ғылыми жаңалықтарды тәжірибеге енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Студенттер ғылыми жобаларды жоспарлау, қаржылық ресурстарды тиімді басқару және ғылымға салынған инвестициялардың болашақтағы нәтижелерін бағалау туралы маңызды мәліметтер алды.

Лекцияның басты ерекшелігі – студенттердің жоғары қызығушылығы мен белсенділігі болды. Олар тақырыпқа қатысты өзекті сұрақтар қойып, ғылыми жетістіктердің мүмкіндіктері, генетиканың болашағы және инновациялық зерттеулерді қолдау мәселелері бойынша пікір алмасты. Студенттердің ізденімпаздығы, ой бөлісуге деген ынтасы мен ғылыми мәселелерге қызығушылығы кездесудің мазмұнын байытып, еркін әрі әсерлі пікірталасқа ұласты.

Ашық кураторлық лекцияның негізгі мақсаты – студенттердің ғылыми дүниетанымын кеңейту, генетика саласындағы заманауи жетістіктерге қызығушылығын арттыру, ғылым мен қаржының өзара байланысын түсіндіру және болашақ мамандардың қаржылық сауаттылығын дамыту.

Ғылымға салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Бүгінгі білімді, ізденімпаз және жаңашыл жастар – ертеңгі ғылыми жаңалықтардың авторлары мен инновациялық дамудың қозғаушы күші.

Осындай кездесулер студенттердің зияткерлік әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың ғылыми ізденіске деген құлшынысын оятып, ғылымды бағалайтын, қаржылық тұрғыдан сауатты әрі жауапкершілігі жоғары маман болып қалыптасуына ықпал етеді.