Мимикрия феноменінің ролі

8 қазан, 2016

Мимикрия феноменінің ролі

Қыркүйектің 27-30 күндері біздің университетімізге Ph.D профессор Войцех Кулеса (Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар университеті, Варшава қ., Польша) іс-сапармен келді. Войцех Кулеса мырза – әлеуметтік психолог, әлемдегі қолданбалы әлеуметтік психология саласындағы жетекші мамандардың бірі, ол ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің ғалымдарымен, оқытушыларымен, студенттерімен кездесті.

Профессордың дәрістері әлеуметтік мимикрияның (қарым-қатынас кезінде сұхбаттасына еліктеу механизмі) сұрақтарына және оны бизнестегі, психотерапиядағы, білім алудағы, отбасылық қарым-қатынастағы өзара әрекеттестіктің тиімділігін арттыруда пайдаланудың мүмкіндіктеріне арналды. «Қазақстандағы және Польшадағы психология: ынтымақтастық перспективалары» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында психологиялық зерттеудің дизайнын құру, «хамелеон эффектісін» қолданбалы зерттеу мүмкіндіктері мәселелері талқыланып, бірлескен зерттеулердің бағыттары анықталды.

Докторлық диссертациялық жұмыстардың аясында, достық және отбасылық қарым‒қатынастағы мимикрияның рөлін меңгеруге арналған зерттеу жүргізілетін болады. «Психология» мамандығы бойынша 1 курс докторанты Айдана Ризулла зерттеудің тәжірибелік нәтижесі адамдар арасындағы шиеленістерді шеше алатын тренингтер бола алады деп есептейді. Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі Забира Мадалиева: «Доктор В. Кулеса ұсынған экспериментті жүргізу әдіснамасы қарапайым, бірақ тиімді, сонымен бірге, әлеуметтік-психологиялық феномендерді терең және ғылыми тұрғыдан дұрыс зерттеуге мүмкіндік береді. Біз әлеуметтік мимикрия феноменін Қазақстанда қолданбалы жағынан толық зерттеп, екі университет арасында тағылымдамалар бағдарламасын жасауды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті.

Қорытынды сөзінде Войцех Кулеса өзінің алғысын білдіріп, сонымен қатар, ғылыми және академиялық ынтымақтастық әр түрлі мемлекеттердегі әріптестерге қазақстандық ғалымдардың жетістіктері мен зерттеулерін жақсырақ білуге мүмкіндік береді деген үмітін білдірді.

Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы