Заманауи цифрлық технологиялар – білім беру сапасын арттырудың маңызды құралы
23 қыркүйек 2026
2026 жылғы 23 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ұйымдастыруымен, заң факультетінің Оқыту және білім беру сапасы жөніндегі Академиялық комитетінің қатысуымен профессор-оқытушылар құрамына арналған ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Семинар «Қазіргі заманғы интерактивті оқыту әдістерін, соның ішінде JoVE және басқа да цифрлық білім беру платформаларын пайдалана отырып, профессор-оқытушылар құрамының кәсіби-педагогикалық оқытуын ұйымдастыру» тақырыбына арналды. Zoom платформасында онлайн форматта өткен іс-шараның мақсаты – заманауи интерактивті оқыту әдістерін меңгеру, JoVE және басқа да цифрлық платформаларды оқу процесіне тиімді енгізу, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беруде қолдану бойынша тәжірибе алмасу. Семинар барысында кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Г.А. Куаналиева заманауи цифрлық технологиялардың ғылыми және білім беру процесіндегі маңыздылығына тоқталып, JoVE бейнересурстарын тиімді пайдалану тәжірибесімен бөлісті. Заң ғылымдарының докторы, профессор Д.Л. Байдельдинов заманауи интерактивті оқыту әдістері мен JoVE платформасын оқу процесіне енгізу мәселелері бойынша баяндама жасады. Заң ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Т.А. Токтыбеков «Artificial Intelligence in Education (AI in Education)» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллект құралдарын білім беру саласында қолдану мүмкіндіктерін таныстырды. Аға оқытушы, кафедра меңгерушісінің оқу, әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары А.А. Есекеева «ЖОО-дағы цифрлық білім беру экожүйесі: интерактивті платформалар мен жасанды интеллектті оқу процесіне интеграциялау» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамалар барысында цифрлық платформалар мен жасанды интеллект құралдарын оқу материалдарын әзірлеу, интерактивті тапсырмалар мен практикалық кейстер дайындау, білім алушылардың белсенділігін, аналитикалық және зерттеушілік дағдыларын дамыту бағыттарында пайдалану мүмкіндіктері талқыланды. Семинарға кафедраның профессор-оқытушылар құрамы белсенді қатысып, өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Қ.М. Қожабек, Б. Қалымбек және С.Б. Бақыт цифрлық технологиялар, JoVE платформасы және жасанды интеллект құралдарын құқықтық пәндерді оқытуда тиімді пайдалану бойынша сұрақтар қойды. Сұрақ-жауап барысында спикерлер қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, цифрлық ресурстарды оқу процесіне енгізудің практикалық жолдарын түсіндірді. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасты.
Семинар қорытындысында цифрлық білім беру технологияларын жүйелі қолдану, интерактивті оқыту әдістерін дамыту, JoVE платформасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және жасанды интеллектті оқу процесіне интеграциялау бойынша практикалық ұсынымдар берілді. Бұл профессор-оқытушылар құрамының кәсіби-педагогикалық құзыреттілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға және құқықтық білім берудің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.
Басқа жаңалықтар
11 қараша 2026
11 қараша 2026