Өнерге әркімнің-ақ бар таласы

11 қазан, 2016

ҚазҰУ-да университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлының қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде 1-курс студенттері арасында өтетін «Жалын» көркем өнерпаздар фестивалі өз мәресіне жетті.

Студенттер он бес номинация бойынша сынға түсті. Фестивальдің бірінші кезеңіне 800-ден аса бірінші курс студенттері қатысып, екінші кезеңге жолдама алған 100-ге жуық студент бақтарын сынады. Фестивальдің мақсаты – жігер оты жалындап жанған студент жастардың жас дәуренін текке өткізбей, жаман әдеттерден аулақ ету, олардың заман ағымына ілескен зымыраған күндеріндегі бос уақыттарын әсерлі ән, көк нөсер күй, күмбірлеген домбыра, мың бұралған би әлемімен қауыштыру.

ҚазҰУ-да дарынды да талантты жастар жетерлік. Ал “Жалын” фестивалі жастардың шығармашылығын дамытуға, өнерлерін шыңдауға үлкен мүмкіндік.

Аталмыш фестиваль ҚазҰУ ғылым мен білімді, сонымен қатар өнерді қатар ұстап келе жатқан дарынды студент-жастардың ордасы екенін тағы да дәлелдей түскендей. Дәстүрге айналған бұл фестиваль әлі де таланттыларды анықтай бермек!

 

Жадыра Оңайбаева

Студенттік Баспасөз орталығы