«Алтын күз»: ҚазҰУ төріндегі мәдениеттер үндестігі
2026 жылғы 23 қазан
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кампусында Қазақстан Республикасының күніне орай дәстүрлі «Алтын күз» креативті және инновациялық идеялар жәрмеңкесі өтті. Мерекелік іс-шараға университет студенттері, оқытушылары мен қызметкерлері қатысып, ұлттық дәстүрлер мен түрлі мәдениеттердің үндестігін дәріптеді.

Жәрмеңке аясында Шығыстану факультеті, Түркология және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы да іс-шараның ұйымдастырылуына үлес қосып, мәдениетаралық байланысты нығайтуға бағытталған бастама ұсынды.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің атташесі Шүкүр Кёсе мен консулдың орынбасары Дорук Атик болды. Қонақтар жәрмеңке қатысушыларына түрік кофесін ұсынып, түрік халқының бай мәдениеті мен қонақжайлық дәстүрін таныстырды. Құм үстінде дайындалған хош иісті кофенің ұсынылуы мерекеге ерекше сән беріп, келушілерге түрік мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік жасады.
.jpeg)
Түрік кофесі – жай ғана сусын емес, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени дәстүрдің, қонақжайлықтың және адамдар арасындағы сыйластықтың символы. Осы дәстүр арқылы жәрмеңке қонақтары түрік халқының мәдени құндылықтары мен ұлттық ерекшеліктерін сезіне алды.
.jpeg)
«Алтын күз» жәрмеңкесі университет студенттерінің шығармашылық әлеуетін танытуға, мәдени құндылықтарды насихаттауға және халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Шығыстану факультеті, Түркология және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының қатысуы мәдениетаралық диалогты дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосты.
.jpeg)
Кыркымбекова А.
Басқа жаңалықтар