"Enactus KazNU" командаcы "Enactus World Cup 2016" әлемдік чемпионатына қатысып қайтты

12 қазан, 2016

Канаданың Торонто қаласында студенттік бизнес жобалар бойынша "Enactus World Cup 2016" әлемдік чемпинаты өтті. Бұл дүбірлі додаға университеттің атынан бару бақытына топ эдвайзері Ләйла Бимендиева, Экономика және бизнес Жоғары мектебінің студенттері Сұлтан Жаңбыр мен Жазира Бердыбай ие болды.

Enactus – бұл әлемнің жас көсбасшыларын, жетекші бизнесмендері мен жоғары оқу орындарының белсенді оқытушыларын біріктіретін, білім беру саласында жұмыс жасайтын ірі халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ағымдағы жылы Enactus Торонто қаласында әлемнің 36 елінен 6000-ға жуық студенттерді, кеңесші-оқытушылардың басын қосты.

Бір жыл бұрын ғана, яғни 2015 жылдың 15 қыркүйегінде ҚазҰУ-да еліміздің 42 университетінің арасында мықты жеті топқа кіріп, "Enactus Kazakhstan National EXPO - 2016" ұлттық сайысында өз жобаларын жетістікпен қорғаған "Enactus KazNU" командасы құрылған болатын. Айта кету керек, Қазақстанды халықаралық жарыстарда таныстыру құрметі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен қатар С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Халықаралық бизнес Академиясының студенттеріне бұйырды.

ҚазҰУ командасына World Cup 2016 чемпионатына қатысу үшін Enactus Worldwide Президенті Элвина Роуз жіберген арнайы шақырту ұлттық деңгейде тиімді жұмыс пен тамаша нәтиженің көрінісі болды. Осындай шақырту біздің университетімізге бірінші рет 15 жыл бұрын келген болатын.

«"Enactus KazNU" командасы құрылған жарты жылдың ішінде көптеген адамдардың өмірін жақсарту мақсатындағы жобаларын жүзеге асыру арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі адамдарды бухгалтерлік есепке үйретуге арналған бухгалтерлік аутсорсинг бойынша әлеуметтік-экономикалық жоба "GS-7"», - дейді «Enactus KazNU» жаңа құрамасының негізін қалаушы эдвайзер Ләйла Бимендиева. Жобаның қатысушылары үшін келесі жұмыс кезеңі білікті мамандарды, клиенттерді іздеу болды. Нәтижесінде, бәрі де риза: табыс алу мүмкіндігіне ие болған бенефициарлар, тиімді бағада бухгалтерлік есеп қызметтерін пайдаланған бизнесмендер және кәсіпкерлер, әлеуметтік қолдауға зәру адамдарға көмек беруге әрдайым дайын, әрине біздің «Enactus KazNU» командасы.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша Enactus біздің студенттік стартапты таңдағанына қуаныштымыз және мақтан тұтамыз. Студенттік кәсіпкерліктің шағын формасын дамытуға үлкен көңіл бөліп отырған университетімізге үлкен алғысымызды білдіреміз!", - деді «Enactus KazNU» құрамасының президенті Сұлтан Жаңбыр.

 

«Жыл сайын Алматы қаласында Ұлттық жарыстар ұйымдастырылып, жарысқа қатысушы университеттердің Enactus командалары 1 жылда жасаған жобаларымен таныстырады. Мен әлем чемпионатына барғаныма өте қуаныштымын», - дейді команда вице-президенті Жазира Бердыбай.

Командамен жүзеге асырылған тағы бір жоба - "EnLove" декоративті сабындарын жасау, және студенттерге өнімді өткізу жолдарын үйрету. Бұл және басқада жобалар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің ұмтылыстарының және атқарған жұмыстарының жемісі.

Әлемдік Кубок аясында студенттер өз елдерінің мәдениетінің ерекшелігін, дәстүрлері мен салттарын көрсету арқылы елін таныстыратын дәстүрлі ұлттық жәрмеңкеге де қатысты. Үлкен залда әр елдің ұлттық киімін киген және елінің туларын көтерген студент әншілер мен бишілер болды, соның ішінде Қазақстан Республикасының туы да желбіреді.

«Enactus KazNU» командасы үлкен тәжірибе жинақтап және үлкен әсер алып, қол қусырып отырмақ емес: жақында жаңа кезең ашылады, ол Лондонда (Ұлыбритания) өтеді! Студенттер елдің, өз университетінің мерейін асқақтату үшін жаңа жобаларын әзірлеп, тың идеяларымен қызу дайындық үстінде.

ҚазҰУ ұжымы «Enactus KazNU» командасына сәттілік тілей отырып үлкен жетістіктерімен құттықтайды және сәттілік пен серпін, жобаларының жүзеге асуына шабыт тілейміз!

 

Лейла Бимендиева