ТДМ № 10:ҚазҰУ-да инклюзивті орта мен әлеуметтік оңалту бағытындағы конференция — ҚазҰУ

ТДМ № 10:ҚазҰУ-да инклюзивті орта мен әлеуметтік оңалту бағытындағы конференция

23 қазан 2026
ТДМ № 10:ҚазҰУ-да инклюзивті орта мен әлеуметтік оңалту бағытындағы конференция

       Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі инновациялар, ғылым және пәнаралық әріптестік: зерттеулерден – тәжірибеге» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, инклюзивті ортаны дамыту және ғылыми зерттеулер нәтижелерін тәжірибеге енгізу мәселелеріне арналды.

     Конференцияның негізгі бағыттарының бірі – халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектерге көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және әлеуметтік оңалтудың заманауи тәсілдерін дамыту болды. Қатысушылар әлеуметтік саладағы ғылыми ізденістердің практикалық маңызын, пәнаралық ынтымақтастықтың рөлін және әрбір адамның қоғам өміріне толыққанды қатысуына мүмкіндік беретін жағдайлар қалыптастыру қажеттігін талқылады. Іс-шараны онлайн форматта ашқан Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мен инновациялық шешімдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті. Ол министрлікке қарасты Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының әлеуметтік оңалту, отбасыларды қолдау, аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға көмек көрсету және мүгедектігі бар адамдарды оңалту бағыттарындағы зерттеулеріне тоқталды. Орталықтың мамандарға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеуі мен оңалтудың заманауи тәсілдерін дамытуға бағытталған жобалары әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге үлес қосып келеді.

     Конференцияда инклюзивті білім беру мен әлеуметтік қолдау саласындағы технологиялық жетістіктерге де ерекше назар аударылды. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – қазақ тілінде жасанды интеллект негізінде әзірленген LogopedAI.kz логопедиялық платформасы. Университет ғалымдарының жұмысы аясында балалар сөйлеуінің 8214 аудиожазбасынан тұратын деректер базасы қалыптастырылып, 1178 мультимедиялық оқу ресурсы әзірленді. Сонымен қатар сөйлеуді автоматты түрде тану технологиялары жетілдіріліп, зерттеу нәтижелері Алматы қаласындағы екі мектепке дейінгі білім беру ұйымында бастапқы сынақтан өткізілді.

      Аталған жоба цифрлық технологияларды сөйлеуді дамытуға бағытталған жұмыстарда қолданудың маңызын көрсетеді. Қазақ тіліндегі ресурстарды дамыту мамандардың жұмысын жетілдіруге, балалардың жеке ерекшеліктерін ескеруге және заманауи әдістердің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Конференция барысында әлеуметтік оңалту, инклюзивті орта қалыптастыру, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыру мәселелері қарастырылды. Қатысушылар ғылыми зерттеулерді тәжірибеге енгізу, салааралық байланыстарды нығайту және әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттыру бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар әлеуметтік қорғау, оңалту және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған Алматы декларациясы талқыланды.

        Мұндай ғылыми-тәжірибелік бастамалар инклюзияны дамытуға, әлеуметтік кедергілерді азайтуға және әр адамның қажеттіліктеріне сай қолдау көрсету жүйесін жетілдіруге ықпал етеді. Ғылым, технология және пәнаралық әріптестіктің өзара байланысы қоғамда тең мүмкіндіктер қалыптастырып, инклюзивті ортаны дамытуға негіз болады.