ЖАҢА ТАРИХИ КЕЗЕҢ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЛДЫНДА ТҰРҒАН БАСТЫ МІНДЕТТЕР
Дүйсенбаев Абай Қабақбайұлы
Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент
Қазіргі күрделі геосаяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайда Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы ел тарихындағы бетбұрыс кезеңін айқындауға бағытталған. Халық күткендей, бұл құжат бұрынғы жолдаулардан мазмұны жағынан да, ауқымы жағынан да ерекшеленді. Ол декларативті сипатта емес, ұлт болашағын айқындайтын нақты әрі өткір шешімдерден тұрады. Жолдауда экономика, өнеркәсіп, білім, ғылым, экология және демография, т.б. стратегиялық бағыттарды қайта құрудың нақты жолдары көрсетілген. Биылғы Жолдау Тәуелсіздіктің 35 жылдығына және ел Конституциясының жаңа редакциясының күшіне ену кезеңіне тұспа-тұс келіп отыр.
Жолдаудың басты құндылығы адам әлеуеті мен халықтың әл-ауқатына бағытталғанында деп білемін. Президент әлемдегі күрделі ахуалды ашық айта отырып, бізді ынтымақ пен бірлікке шақырды. Әсіресе өңірлердегі мектеп, аурухана, спорт нысандарының тапшылығын айтып, оны шешуді тапсыруы азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтады. Болашақ ұрпаққа қуатты, дамыған әрі заң үстемдік ететін мемлекет қалдыру ортақ мақсатымыз деп келтірді.
Сонымен қатар біздің ең үлкен жанды жеріміз ұстаздардың қағазбастылығы мен артық жүктеме туралы ашық айтқаны көңілімізден шықты. Шын мәнінде, дәстүрлі қағаз есептерді азайтқанымызбен, оның орнын түрлі цифрлық платформаларға мәлімет енгізу сияқты жаңа «электронды қағазбастылық» басып кеткен еді. Мемлекет басшысының бұл басы артық жұмыстарды тоқтату туралы талабы мұғалімге ең басты міндеті сапалы сабақ беруге уақыт пен мүмкіндік береді. Сондай-ақ мектептердегі мұғалімге көрсетілетін дөрекіліктер мен қысымдарға қатысты айтқан сөзі ұстаз мәртебесін заң жүзінде ғана емес, іс жүзінде де қорғаудың нақты кепілі деп білеміз. Жаңа тарихи кезеңде білім беру жүйесін жаңғырту үшін алдымен мұғалімнің беделін нығайту қажет екенін Мемлекет басшысы дәл басып көрсетті. Реформалардың тиімділігі мұғалімге түсетін салмақпен өлшенбеуі керек, яғни әрбір өзгеріс педагогтың стресін азайтуға және жетістікке жетуге бағытталуы тиіс. Президенттің мұғалімдерді пайдасыз тексерістерден, бітпейтін цифрлық есептерден және өз міндетіне жатпайтын шаруалардан босату туралы Үкіметке берген тапсырмасы білім сапасын арттырудың бағытын құрайды. Ұстаздың қоғамдағы беделін қорғау ісіне тек мектеп қана емес, отбасы мен ата-ана да ортақ жауапты болуы керек деген тұжырым заманауи қоғамдық сананы өзгертуге серпін береді.
Дегенмен, Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша мынадай мәселелер негізге алынады:
Әлеуметтік бағыт: Облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген нақты сұранысын тез арада анықтау тапсырмасы аймақтардағы халықтың тұрмыс сапасын тікелей жақсартуға бағытталған қадам ретінде бағаланып отыр.
Жасанды интеллект және цифрлық даму: Қазақстанның жаппай цифрлық елге айналу трендін нығайтуды негізге алды. Осыған дейін қабылданған «Digital Qazaqstan» тұжырымдамасы мен жасанды интеллект саласындағы халықаралық диалогқа үлес қосу бастамалары экономиканың шикізаттық емес секторларын дамытудың басты драйвері ретінде қарастырылуда.
Тәртіп пен қауіпсіздік: Жаһандық геосаяси дағдарыс пен аласапыран кезеңде Президенттің «қоғамда талап пен тәртіпке басымдық беру» және «бірлік пен келісімді сақтау» туралы үндеуі ішкі тұрақтылықты сақтаудың басты шарты ретінде қоғам белсенділері тарапынан ерекше атап өтті.
Қазақстан ауқымды құрылыс алаңы: биылғы Жолдауда реформалардың құжаттық кезеңінен нақты «нәтиже кезеңіне» өтуін айқындайды. Президенттің елдің барлық өңірінде жаппай құрылыс жұмыстарын бастауды және инфрақұрылымды кешенді дамытуды тапсыруы зор қолдауға ие болуда.
Мемлекет басшысының Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдыру және «Халықтық құрылыс» бағдарламасын ұсынуы нағыз уақытында жасалған қадам болып табылады. Сонымен қатар Президенттің транзиттік әлеует пен жол сапасына қатысты Үкіметке қатаң талап қоюы, жауапкершілікті нақтылауы экономикалық реформалардың тиімділігін арттырады. Бұл бастамалар жүз мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, отандық кәсіпкерліктің өркендеуіне зор серпін береді.
Халықтың ойында күрделі болған білім беру инфрақұрылымына ерекше назар аударылуы ұстаздар қауымы үшін үлкен қолдау деп білеміз. Мемлекет басшысы өңірлердегі мектеп тапшылығы мәселесін нақты зерттеп, шешуді міндеттеді. Жаңа тарихи кезеңде біз тек ғимараттар санын арттырып қана қоймай, заманауи білім беру мазмұнына, оның ішінде цифрландыру мен оқыту сапасына баса мән беруіміз керек екенін баса назар аударды. Мектептердің жаппай бой көтеруі болашақ бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеуге құйылған ең тиімді инвестиция болып табылады.
Жаһандық алмағайып заманда біздің басты күшіміз – бірлікте. Мемлекет басшысы атап өткендей, басты мақсат – әділетті қоғам құру және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, ал бабалар аманаты болған кең байтақ жерімізді өркендету – перзенттік борышымыз. Президент Жолдауындағы мақсаттарға бірге қол жеткізіп, ел дамуына атсалысайық!
Басқа жаңалықтар