Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстан: білім, ғылым және болашаққа жауапкершілік — ҚазҰУ

Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстан: білім, ғылым және болашаққа жауапкершілік

29 қазан 2026
Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстан: білім, ғылым және болашаққа жауапкершілік

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, қоғам алдына маңызды міндеттер қойды. Онда ел экономикасын дамыту, цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, білім мен ғылымның сапасын арттыру сияқты мәселелердің маңызы айқын көрінеді.

Білім беру саласының өкілі ретінде мені, әсіресе, сапалы білім беру, жоғары білікті мамандар даярлау және жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру мәселелері қызықтырады. Бүгінгі жаһандану дәуірінде сапалы білім, шет тілдерін меңгеру, сыни ойлау және цифрлық сауаттылық – табысты болашақтың маңызды алғышарттары. Сондықтан жоғары оқу орындарының алдында білімді ғана емес, жаңашылдыққа бейім, жауапкершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті мамандар тәрбиелеу міндеті тұр.

Оқыту ісіне қатысты маңызды мәселелердің бірі – педагогтердің артық жүктемесін азайтып, олардың негізгі жұмысына көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасау. Цифрлық платформалар мен есептілік жүйелері оқу үдерісін жеңілдетуге қызмет етуі керек. Қайталанатын әкімшілік жұмыстар мен қағазбастылық оқытушының сабаққа дайындалуына, студенттермен жеке жұмыс істеуіне және ғылыми ізденіске бөлетін уақытын шектемеуі тиіс. Оқытушының кәсіби еңбегін тиімді ұйымдастыру – білім сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі.

Ұстаздың қоғамдағы орны мен абырой-беделін құрметтеу де ерекше мәнге ие. Мұғалім мен оқытушының ең басты міндеті – сапалы білім беру, жас ұрпақтың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіру және олардың қабілетін дамыту. Білім беру ұйымдарында өзара құрмет пен сенімге негізделген орта қалыптасып, педагогтің кәсіби қадір-қасиеті қорғалуы қажет. Ұстаз еңбегін бағалау – білімге, еңбекке және елдің болашағына құрмет көрсету.

Жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың дамуы оқытушыларға жаңа мүмкіндіктермен қатар, үлкен жауапкершілік те жүктейді. Заманауи технологияларды оқу үдерісіне орынды енгізе отырып, студенттердің шығармашылық қабілетін, дербес ойлауын, зерттеушілік дағдыларын және ақпаратты сыни бағалау қабілетін дамыту маңызды. Сонымен бірге ұлттық құндылықтарды сақтау, жастардың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру да назардан тыс қалмауы тиіс.

Еліміздің болашағы – білімді, еңбекқор, саналы жастардың қолында. Ал сол жастардың қалыптасуына үлес қосу – әрбір ұстаздың абыройлы міндеті. Осы тұрғыдан алғанда, білім беру сапасын арттыру, педагогтерге қолайлы еңбек жағдайын жасау және ғылым мен инновацияны қолдау еліміздің дамуына ықпал ететін маңызды бағыттар болып саналады.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның тұрақты дамуы мен өркендеуі мемлекеттік бастамалар мен қоғамның бірлескен еңбегіне байланысты. Сапалы білім беру үшін заманауи технологиялармен қатар, білікті әрі ынталы ұстаздың еңбегін қолдау қажет. Әр азамат өз кәсібіне адал болып, жас ұрпақтың білімді, жауапты және бәсекеге қабілетті болып қалыптасуына үлес қосса, еліміздің жарқын болашағын бірге қалыптастыра аламыз.

Бекмашева Ботакоз Нигметовна
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Филология факультеті, Шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы