ҚазҰУ ректоры Орталық Азия форумында университет тәжірибесін таныстырды — ҚазҰУ

ҚазҰУ ректоры Орталық Азия форумында университет тәжірибесін таныстырды

29 қазан 2026
ҚазҰУ ректоры Орталық Азия форумында университет тәжірибесін таныстырды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Өзбекстанда өткен Орталық Азияның халықаралық білім беру форумына қатысты.

Форумға білім және ғылым министрлері, жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды. Ауқымды шараға әлемнің түрлі елдерінен 1500 өкіл қатысып, жоғары білім беруді, ғылыми зерттеулер мен инновацияларды дамытудың перспективаларын талқылады.

Пленарлық отырыс аясында Жансейіт Түймебаев «Қазіргі әлем жағдайындағы Орталық Азиядағы білім мен ғылымның трансформациясы» тақырыбында баяндама жасады.

ҚазҰУ ректоры өз сөзінде өңір университеттерінің алдында білім беру үдерісін ұйымдастыру мен ғылымды дамытуда жаңа тәсілдерді қажет ететін ортақ міндеттер тұрғанын атап өтті.

 «Орталық Азияның болашағы тек табиғи ресурстар мен географиялық орналасуға ғана емес, университеттеріміздің білім қалыптастыру, озық технологияларды меңгеру және өңірдің дамуына серпін беретін мамандар даярлау қабілетіне де байланысты», – деді ректор.

Жансейіт Түймебаев жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеу технологиялары саласындағы ҚазҰУ тәжірибесін таныстырды. Атап айтқанда Farabi суперкомпьютерлік орталығының мүмкіндіктері мен оны ғылыми зерттеулерде қолдану бағыттарына тоқталды.

«Жоғары өнімді есептеулер ғылымның сан алуан саласындағы зерттеушілер үшін ортақ негізге айналып келеді. Бұл құралдың басты құндылығы – әртүрлі мамандық өкілдерінің ортақ деректер мен модельдер негізінде бірлесіп жұмыс істеуіне мүмкіндік беруінде. ҚазҰУ «Қазгидрометпен» бірлесіп, суперкомпьютерде күн сайын Қазақстан бойынша 2 шақырымдық кеңістіктік ажыратымдылықпен ауа райы болжамын дайындайды. Сонымен қатар Бас прокуратурамен бірлесіп қылмыстар мен жол-көлік оқиғаларын талдау модельдері әзірленуде. Қытайлық әріптестермен ынтымақтастық аясында ғарыштық зерттеулер жүргізіліп, су ресурстары, жер алқаптары мен мұздықтарға қатысты спутниктік деректер талданады», – деді Жансейіт Түймебаев.

Университет басшысының баяндамасында өңірлік ғылыми-технологиялық ынтымақтастық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ректордың пікірінше, Орталық Азия университеттері бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және жас ғалымдарды даярлау үшін өздерінің ғылыми әлеуеті мен құзыреттерін біріктіре алады.

«Орталық Азияның озық ғылыми шешімдерді тұтынушы ғана емес, оларды әзірлеп, дүниеге әкелетін өңірге айналуына барлық мүмкіндік бар екеніне сенімдімін», – деп түйіндеді сөзін университет басшысы.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі