ҚазҰУ Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорымен ғылыми зерттеулер жүргізеді — ҚазҰУ

ҚазҰУ Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорымен ғылыми зерттеулер жүргізеді

29 қазан 2026
ҚазҰУ Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорымен ғылыми зерттеулер жүргізеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ) өзара түсіністік пен стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Келісімге қол қою рәсімі Астанада «Теңгерімді экономикалық дамуға қарай» атты халықаралық экономикалық конференциясы аясында өтті.

Конференцияға жетекші ғалымдар, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының мамандары, сондай-ақ макроэкономика, қаржы және мемлекеттік басқару саласындағы шетелдік сарапшылар қатысты.

Қол қойылған меморандум Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны мен өңірлік даму институты арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Басты мақсаты – экономикалық өсім мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған өзекті ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыру.

Әріптестік аясында озық талдамалық әзірлемелер мен ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен белсенді алмасу көзделген. Сонымен қатар ғалымдар мен сарапшылардың ғылыми жарияланымдарын қолдауға ерекше мән беріледі. Тараптар бірлескен ғылыми мақалалар, әдістемелік құралдар, сараптық баяндамалар және басқа да қолданбалы материалдар әзірлеуді жоспарлап отыр.

Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры – жалпы қаржыландыру көлемі 9,8 млрд АҚШ долларын құрайтын өңірлік қаржы институты. Ол 2009 жылы Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның қатысуымен құрылған. Қордың негізгі міндеті – өңір елдерінің экономикалық тұрақтылығын қолдау және орнықты дамуына жәрдемдесу. Бүгінде ЕТДҚ – Еуразиялық кеңістіктегі қаржылық қауіпсіздік жүйесінің маңызды институттарының бірі.

Тараптар бұл әріптестік жас зерттеушілердің кәсіби дамуына жол ашып, университеттің ғылыми-талдамалық мүмкіндіктерін кеңейтетінін және өңірдің теңгерімді экономикалық дамуына үлес қосатынын алға тартты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі