ҚазҰУ-да өркениетаралық диалог пен бейбітшілік мәдениетіне арналған дәріс өтті — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да өркениетаралық диалог пен бейбітшілік мәдениетіне арналған дәріс өтті

28 қазан 2026
ҚазҰУ-да өркениетаралық диалог пен бейбітшілік мәдениетіне арналған дәріс өтті

 

Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ): 17-мақсат — «Тұрақты даму жолындағы серіктестік».

2026 жылғы 28 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен «VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі: өркениетаралық диалогты нығайту және бейбітшілік мәдениетін дамыту» тақырыбында дәріс өтті.

Іс-шараға «Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы» КЕАҚ Әдістемелік жұмыс және жинақтау департаментінің директоры Жақиянов Дулат Жәрдемқұлұлы арнайы шақырылып, дінтану мамандығының 2-курс студенттерімен кездесті.

Дәріс барысында VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің халықаралық маңызы, конфессияаралық келісімді нығайтудағы рөлі және қазіргі қоғамдағы бейбітшілік мәдениетін қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар жаһандану жағдайындағы дінаралық ынтымақтастықтың өзектілігі, әртүрлі діни дәстүрлер арасындағы өзара құрмет пен түсіністіктің маңыздылығы атап өтілді.

Іс-шара барысында студенттер әлемдік және дәстүрлі діндердің қоғамдағы орны, діни көшбасшылардың бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жауапкершілігі, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық дінаралық диалог алаңы ретіндегі тәжірибесі туралы құнды мәліметтер алды.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманмен кәсіби пікір алмасуға мүмкіндік алды. Дәріс болашақ дінтанушылардың теориялық білімдерін тәжірибелік көзқарастармен ұштастырып, кәсіби дүниетанымын кеңейтуге ықпал етті.

Аталған іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 17-мақсаты — «Тұрақты даму жолындағы серіктестік» қағидаттарымен үндесіп, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, мәдениетаралық өзара түсіністікті нығайтуға және бейбіт қоғам құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.

Іс-шараны ұйымдастырушылар: Дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушылары Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызы, Мұқан Н., Каупенбаева С.