- Басты бет
- Жаңалықтар
- Ғылыми қаржыландыру және гранттық мүмкіндіктер: жас зерттеушілерге арналған жаңа бағдарлар
Ғылыми қаржыландыру және гранттық мүмкіндіктер: жас зерттеушілерге арналған жаңа бағдарлар
2026 жылғы 29 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде эдвайзерлік топтармен «Ғылыми қаржыландыру және гранттық мүмкіндіктер» тақырыбында іс-шара сәтті өтті. Кездесуді PhD, физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының ассистент-профессоры, эдвайзер Рахым А. Б. ұйымдастырып, жүргізді.
Іс-шараның мақсаты: білім алушыларды ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мүмкіндіктерімен таныстыру, гранттық қолдау туралы хабардарлығын арттыру және ғылыми-зерттеу әрі жобалық қызметке қатысуға ынталандыру.
Кездесу барысында Қазақстандағы ғылымды қаржыландырудың негізгі көздері, гранттық конкурстарға қатысу мүмкіндіктері және жас зерттеушілерді қолдау бағдарламалары қарастырылды. Білім алушылар жобалық өтінімдерді дайындаудың, зерттеудің өзектілігін негіздеудің, мақсаттары мен міндеттерін айқындаудың, сондай-ақ күтілетін нәтижелерді ұсынудың жалпы қағидаларымен танысты.
Ғылыми идеяны жобаға айналдыру мәселесіне ерекше назар аударылды: зерттеу мәселесін тұжырымдау, қолайлы конкурсты таңдау және жоба идеясын қаржыландырушы ұйымның талаптарына сәйкестендіру жолдары талқыланды. Сонымен қатар зерттеу тобын құру, жұмыс кезеңдерін жоспарлау және қажетті ресурстарды негіздеу мәселелері қамтылды.
Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі – жас мамандардың қалыптасуындағы ғылыми ынтымақтастықтың рөлі болды. Зерттеу жобаларына қатысу білім алушыларға теориялық білімдерін практикада қолдануға, топпен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтауға, академиялық қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және болашақ ғылыми мансабының негізін қалауға мүмкіндік береді.
Іс-шара білім алушылардың зерттеушілік құзыреттерін дамытуға және кәсіби өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғандықтан, «Сапалы білім беру» атты 4-ші Тұрақты даму мақсатына қол жеткізуге ықпал етеді. Ғылымды қаржыландыру және инновациялық идеяларды қолдау тетіктерімен танысу «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» атты 9-шы Тұрақты даму мақсатына, соның ішінде ғылыми зерттеулерді нығайту және технологиялық әлеуетті дамыту міндеттеріне де сәйкес келеді.
Өткізілген кездесу білім алушыларға зерттеу идеясынан қаржыландыруға өтінім беруге дейінгі жол туралы тұтас түсінік қалыптастыруға және университеттің ғылыми өміріне қатысу мүмкіндіктерін көруге көмектесті.
Жауапты оқытушылар: Рахым. А.Б., Усипбекова Е.Ж.
Басқа жаңалықтар