«Желтоқсан рухы – Тәуелсіздік тұғыры»: тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығы
2026 жылғы 30 қазанда Алматы музейінде 1986 жылғы 16 желтоқсандағы Желтоқсан оқиғасына арналған «Желтоқсан рухы – Тәуелсіздік тұғыры» атты тағылымды кездесу және тақырыптық экскурсия ұйымдастырылды.
Іс-шараға өндірістік практика аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Мәдениетkz» клубының мүшелері, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының кураторлары Каупенбаева С.М., Хасиетова Ж.Ж., Мұқан Н., Айтенова А.А., Кудерина А.Н. және 1–4 курс студенттері қатысты.
Сонымен қатар, аға оқытушы Құдайбергенов С.Е.-нің жетекшілігімен Физика-техникалық факультетінің «6B07105 – Материалтану және жаңа материалдар технологиясы» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері «Мәдениеттану» пәні аясындағы «Қазақ халқы мәдениетінің қалыптасуы» семинар тақырыбы бойынша аталған іс-шараға қатысып, тарихи танымдарын кеңейтті.
Кездесу барысында Желтоқсан оқиғасының құрметті куәгерлері сол бір тарихи кезеңде бастан өткерген оқиғалары мен жүрекке сақталған естеліктерімен бөлісті. Қонақтар 1986 жылғы Алматыдағы тарихи жағдай, жастардың азаматтық ұстанымы, ұлттық намысы мен азаттық жолындағы күресі туралы әңгімеледі. Тарихи оқиғаның тікелей куәгерлерінің естеліктерін тыңдау студенттерге Желтоқсан көтерілісінің тарихи мәні мен тағылымын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қонақтармен еркін пікір алмасты.
Іс-шараның басты мақсаты – Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын дәріптеу, Тәуелсіздік жолында күрескен аға буынның ерлігі мен азаматтық ұстанымын ұлықтау, жастардың тарихи санасы мен отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Кездесу аясындағы тақырыптық экскурсия да студенттердің ұлттық тарих пен мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыра түсті. Музей кеңістігіндегі тарихи жәдігерлер мен тағылымды деректер өткен кезеңнің шынайы келбетін тануға, тарихи оқиғалардың қоғам жадындағы орнын пайымдауға жол ашты.
«Желтоқсан рухы – Тәуелсіздік тұғыры» атты кездесу мазмұнды әрі тағылымды өтті. Бұл жүздесу студент жастарға тарихты оқулық беттерінен ғана емес, сол оқиғаның тікелей куәгерлерінің естеліктері арқылы танып-білуге мүмкіндік берді.
Өйткені Желтоқсан – жай ғана тарихи оқиға емес, ол – ұлттық рухтың, азаматтық батылдықтың және азаттыққа деген ұмтылыстың символы. Осындай тағылымды кездесулер тарихи жадыны жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, өскелең ұрпақтың бойында ел тарихына деген құрмет пен Тәуелсіздікке деген жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар