“Таныс болайық!”: әдебиеттанушы студенттердің басқосуы өтті.
30 қазан күні 17-жатақхананың мәжіліс залында “Әдебиеттану” мамандығының 1-2 курс студенттеріне арналған “Таныс болайық!” атты бейресми кездесу өтті. Шараға әдебиеттанушы студенттердің үш тобы қатысып, бір-бірімен пікір алмасып, жақынырақ танысып, еркін форматта кездесу өтті.
Кездесудің басты мақсаты – мамандықта білім алып жүрген студенттердің байланысын нығайту, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау және ортақ қызығушылықтары арқылы достық қарым-қатынас қалыптастыру. Бұл басқосу студенттерге күнделікті сабақ барысынан тыс ортада жүздесіп, ой бөлісуге жол ашты.
Кездесуге әдебиеттанушы магистранттар Орынбасар Айсұлу, Бөкенбай Ғайниза, Жәнібек Бексұлтан және Рашит Фарида қатысып, студенттермен еркін әңгіме өрбітті. Олар өздерінің оқу тәжірибесімен бөлісіп, мамандықтың қыр-сыры, студенттік өмір, білім алу мен ізденістің маңызы жөнінде ой қозғады. Магистранттар мен студенттер арасындағы ашық әңгіме қатысушыларға бір-бірінен тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.
Шара барысында танысуға арналған ойындар ұйымдастырылып, қызықты сұрақтар қойылды. Студенттер өздерін таныстырып қана қоймай, ортақ тақырыптар төңірегінде пікірлесіп, көңілді уақыт өткізді. Осындай бейресми басқосулардың маңызы зор. Өйткені мамандықтың ортақ мүддесі тоғыстырған студенттердің бір-бірін жақынырақ тануы, тәжірибелі магистранттармен байланыс орнатуы – алдағы уақытта да өзара қолдау мен ынтымақтастықтың қалыптасуына негіз болады.
«Таныс болайық!» кездесуі студенттер үшін жаңа таныстықтар мен жылы әсерге толы басқосу болды. Әдебиетке деген қызығушылық біріктірген жастардың арасындағы бұл байланыс алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім бар.
“Әдебиеттану” мамандығының студенттері
Топ кураторы: Ш.Шортанбай
Басқа жаңалықтар