ҚазҰУ кампусында «Алтын күз» креативті және инновациялық идеялар жәрмеңкесі өтті
2026 жылғы 23 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттік қалашығында Республика күніне орай дәстүрлі «Алтын күз» креативті және инновациялық идеялар жәрмеңкесі өтті.
Студенттік қалашық дирекциясының ұйымдастыруымен өткен игі бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 2-бағыты – «Аштықты жою» мақсатын қолдауға арналды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, жастар арасында қайырымдылық, мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын насихаттау, сондай-ақ студенттер арасында өзара көмек пен қамқорлық мәдениетін қалыптастыру. Сонымен қатар бастама азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне назар аударып, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастықтың маңызын көрсетуге бағытталды.
Іс-шара барысында студенттерге 100 келі палау тегін таратылды. Дастарқан басына жиналған жастарға мерекелік көңіл күй сыйлаған бұл бастама өзара қолдау мен ортақ игілік жолындағы бірліктің жарқын көрінісіне айналды. Ұйымдастырушылар студенттерге қамқорлық таныту арқылы олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруды және қоғамдық құндылықтарға деген жауапкершілігін нығайтуды көздеді.
БҰҰ-ның «Аштықты жою» атты 2-ші Тұрақты даму мақсаты әрбір адамның жеткілікті әрі сапалы тағамға қол жеткізуін қамтамасыз етуге, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және дұрыс тамақтану мәдениетін дамытуға бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, университет қабырғасында ұйымдастырылған қайырымдылық іс-шарасы жаһандық тұрақты даму мақсаттарын қолдаудың нақты үлгісі болды.
Республика күніне орай өткізілген бұл игі іс-шара ел бірлігі, қоғамдық ынтымақ, өзара құрмет пен жанашырлық сияқты құндылықтарды дәріптеді. Мұндай бастамалар студенттердің бойында азаматтық жауапкершілікті қалыптастырып қана қоймай, университеттік ортаның ізгілік пен өзара қолдауға негізделген мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
Студенттік қалашық дирекциясы алдағы уақытта да әлеуметтік маңызы бар қайырымдылық іс-шаралары мен тұрақты даму бағытындағы жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып, студенттерге қолайлы орта қалыптастыруға және қоғам игілігіне бағытталған бастамаларды қолдауға өз үлесін қоса бермек.




Басқа жаңалықтар