ҚазҰУ студенттерінің ғылыми-зерттеу институты базасындағы ашық сабағы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультеті Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасы студенттеріне Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен істері институтының базасында «Техникалық жүйелердің сенімділігі және техногенді тәуекел» пәнінен ашық сабақ өткізілді. Сабақтың тақырыбы- «Жүйенің уақыт өте келе жөндеуге немесе қалпына келтіруге қабілеттілігін анықтау. Қауіпсіздікті бағалау».

Ашық сабаққа география ғылымдарының кандидаты, профессор Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Тұрсынкүл Аманкелдіқызы Базарбаева және PhD докторы, Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен істері институтының директоры Ержан Тұрсынұлы Өтешов қатысты.
Сабақтың негізгі мақсаты – студенттердің техникалық жүйелердің сенімділігі туралы білімдерін тереңдету, олардың сақталғыштық, жөндеуге жарамдылық және қалпына келтіруге қабілеттілік қасиеттерін бағалау тәсілдерін меңгерту, сондай-ақ техникалық жүйелердің істен шығуынан туындайтын өндірістік қауіптер мен техногендік тәуекелдердің алдын алу жолдарын түсіндіру.
Сабақ барысында техникалық жүйелердің жұмысқа қабілеттілігін сақтау, ақаулардың пайда болу себептерін анықтау, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру, жабдықтардың сенімділігі мен қауіпсіздігін бағалау мәселелері қарастырылды. Өндірістік жабдықтардың сенімділігі тек олардың ұзақ уақыт жұмыс істеуімен ғана емес, ақауларды дер кезінде анықтау, қалпына келтіру және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мүмкіндіктерімен де байланысты екені нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
.jpeg)
Теориялық материалды нақты инженерлік шешімдермен байланыстыру мақсатында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ірі технологиялық жобалар мысалға алынды. Атап айтқанда, Екібастұз қаласындағы Data Center Valley жобасы негізінде деректер орталықтарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау және салқындату жүйелерінің сенімділігі, резервтік жүйелер мен ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы талқыланды.
Сонымен қатар Қазақстан мен Әзербайжанды Каспий теңізінің түбі арқылы байланыстыруға бағытталған Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі жобасы қарастырылды. Бұл мысал арқылы күрделі инженерлік инфрақұрылымдардың сенімділігін қамтамасыз ету, кабельдерді сыртқы әсерлерден қорғау, ықтимал ақауларды болжау және байланыс жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін ұйымдастыру мәселелері түсіндірілді.
Ашық сабақ барысында Тұрсынкүл Аманкелдіқызы Базарбаева техникалық жүйелердің сенімділігі мен өндірістік қауіпсіздік мәселелерін қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму қағидаттарымен байланыстыра қарастырудың маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, болашақ мамандар техникалық жүйелердің тиімділігін ғана емес, олардың адам қауіпсіздігі мен қоршаған ортаға ықпалын да кешенді бағалай білуі қажет.
Өз кезегінде Ержан Тұрсынұлы Өтешов өндірістегі техникалық жабдықтардың сенімді жұмыс істеуі, ақауларды алдын ала анықтау және тәуекелдерді төмендетуде тәжірибелік білімнің ерекше рөл атқаратынына назар аударды. Тау-кен өндірісіндегі күрделі технологиялық үдерістерді қауіпсіз ұйымдастыру үшін инженерлік білімді нақты өндірістік жағдайларда қолдана білудің қажеттігін атап өтті.
.jpeg)
Сабақтың басты ерекшелігі-теориялық білімді заманауи технологиялық жобалармен және өндірістік қауіпсіздік міндеттерімен байланыстыра түсіндіру болды. Ал оның ғылыми-зерттеу институтының базасында өткізілуі студенттерге оқып жатқан пәндерінің болашақ кәсіби қызметімен тікелей байланысын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Ашық сабаққа қатысқан комиссия мүшелері сабақтың ғылыми-әдістемелік деңгейіне, мазмұнының өзектілігіне және теориялық білімді өндірістік тәжірибемен ұштастыру тәсілдеріне жоғары баға берді.
ҚазҰУ мен Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен істері институтының ынтымақтастығы білім беру, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Осындай ашық сабақтар студенттердің инженерлік ойлау қабілетін дамытуға, кәсіби құзыреттілігін арттыруға және өндірістік қауіпсіздік саласында алған білімдерін тәжірибеде қолдануға ықпал етеді.
Қожахан А.К. Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының доценті
Басқа жаңалықтар